Мазмұнға өту

Ақша жамандықтың түптамыры ма?

Ақша жамандықтың түптамыры ма?

Киелі кітаптың жауабы

 Жоқ. Киелі кітап ақшаның өзін жаман деп айтпайды, бүкіл жамандықтың артында тұрған ақша деп те үйретпейді. Кейбіреулер “ақша — бар жамандықтың түптамыры” деген сөз Киелі кітаптан алынған деп ойлағанмен, шын мәнінде онда былай деп жазылған: “Ақшақұмарлық — бар жамандықтың түптамыры” a (Тімөтеге 1-хат 6:10).

 Киелі кітапта ақша туралы не делінген?

 Киелі кітап ақшаның, егер ақыл-парасатпен жұмсалса, пайдалы екенін, тіпті “адамды қорғайтынын” мойындайды (Уағыздаушы 7:12). Сонымен қатар Киелі кітапта өзгелерге жомарттық танытатын (бұның ішінде ақшалай сый-тарту да болуы мүмкін) адамдар туралы ізгі сөздер айтылған (Нақыл сөздер 11:25).

 Дей тұрғанмен Киелі кітап ақшаны өміріміздің төріне шығарып жіберуден сақтандырады. Онда: “Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар”,— деген сөздер бар (Еврейлерге 13:5). Бұдан жасайтын түйін: ақшаның өз орнын біліп, байлықтың соңына түспеуіміз керек. Мұның орнына ішер ас, киер киім мен баспана секілді шынымен қажет нәрселерге қанағат еткеніміз абзал (Тімөтеге 1-хат 6:8).

 Неге Киелі кітап ақшақұмарлықтан сақтандырады?

 Ашкөз адамдар мәңгілік өмірге ие болмайды (Ефестіктерге 5:5). Бұған қоса, ашкөздік пұтқа табынушылықтың, не жалған ғибадаттың, бір түрі болып есептеледі (Қолостықтарға 3:5). Тағы бір себеп — өз көксегендеріне қол жеткізу үшін ашкөз адамдар жиі моральдық құндылықтарды аттап кетіп жатады. “Баюға асыққан кінәсіз қалмайды”,— делінген Құдай Сөзінде (Нақыл сөздер 28:20). Олар тіпті бопсалау, қоқан-лоқы салу, алаяқтық жасау, кісі ұрлау, адам өлтіру сияқты қылмысқа баруға азғырылуы мүмкін.

 Ақшақұмарлық, немесе ақшаны жақсы көру, жаман іске апармаған күнде де, оның басқа да жаман салдары болуы мүмкін. Киелі кітапта: “Баюға бел буғандар азғырылады, тұзаққа түседі,.. көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтарға беріледі”,— деп жазылған (Тімөтеге 1-хат 6:9).

 Киелі кітаптағы ақша туралы кеңестердің бізге пайдасы

 Егер ақшаға бола моральдық және рухани құндылықтарды аттап кетпесек, өз қадірімізді жоғалтпаймыз әрі Құдайдың мейір-шапағаты мен қолдауын көреміз. Өзіне шын жүректен ұнамды болғысы келетіндерге Құдай: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деп уәде береді (Еврейлерге 13:5, 6). Сондай-ақ ол: “Адал жан мол батаға кенеледі”,— деп сендіреді (Нақыл сөздер 28:20).

a Бұл тармақ Киелі кітаптың басқа бір аудармасында былайша аударылған: “Ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп-тамыры” (“Жаңа өмір” баспасы).