Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Римдіктер Иса сияқты бағанаға шегеленгендерді лайықты түрде жерлеуге жол берген бе?

ИСАНЫҢ екі қылмыскердің ортасында бағанаға ілініп өлтірілгені көбісіне мәлім (Мат. 27:35—38). Бірақ кейін оның денесін жерлеуге дайындап, қабірге қойылғанына кейбіреулер күмәнданып жатады (Мар. 15:42—46).

Төрт Ізгі хабардың кейбір сыншылары өлімге кесілген адамның денесі қабірге қойылып, дұрыстап жерленгенімен келіспейді. Мұның себебін Ариель Цабар деген журналист “Смитсониан” журналында былай деп түсіндірген еді: “Бағанаға ілу — қоғамдағы ең оңбаған адамға берілетін жаза болған. Сондықтан да римдіктер осындай адамның құрметпен жерленуіне жол берді дегенге кейбір эксперттер күледі”. Римдіктер өлімге кесілген қылмыскерге қорлықтың көкесін көрсететін болған. Олар оның денесін өлекселер жейтін ит-құсқа жем болсын деп бағанада ілулі күйі тастап кете берген. Солардан қалғанын ортақ молаға лақтырып жіберетін.

Алайда археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы жайт туралы жаңа бір нәрсе ашылды. 1968 жылы I ғасырда өлімге кесілген бір яһудидің сүйектері табылды. Оның сүйектері тас сандыққа салынып, Иерусалимге жақын жердегі бір яһуди әулетінің қабіріне қойылған екен. Ішінде бір кесек ағашқа 11,5 сантиметрлік шегемен қағылған өкше сүйегі де болды. Бұл жайлы Цабар мырза былай дейді: “Бұл Ехоханан деген яһудидің өкше сүйегі. Бұл Төрт Ізгі хабардағы “Исаның денесі қабірге қойылды” деген сөздерге қатысты ұзақтан келе жатқан дауды басты. Ехохананның өкше сүйегі мынаны дәлелдейді: Исаның заманында бағанада өлтірілген кейбір яһудилердің мәйітін римдіктер лайықты түрде жерлеуге рұқсат берген”.

Табылған өкше сүйегі Исаның денесі бағанаға нақты қалай ілінгені жайлы пікірталасқа тоқтам қоймаса да, бір нәрсені айқын етеді: өлімге кесілген қылмыскерлердің мәйіттері ортақ молаға лақтырылмай, лайықты түрде жерленген кездер болған. Демек, Исаның денесі қабірге қойылғаны жайлы Киелі кітапта айтылған сөздер сенім артуға тұрарлық. Айғақтар осыны көрсетеді.

Бірақ бұдан да маңызды бір жайт бар. Ехоба Исаға байлар арасынан қабір берілетінін пайғамбарлық еткен еді. Ал Ехобаның сөздерінің орындалуына ешкім тосқауыл бола алмайды (Ишая 53:9; 55:11).