Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:8).

Дұға-тілектеріміз Алланың құлағына шалына ма?

Дұға-тілектеріміз Алланың құлағына шалына ма?

Осы менің дұғаларым Құдайдың құлағына жете ме деп ойлағансыз ба? Шыны керек, бұл сұрақ көбісін мазалайды. Олар жалынып-жалбарынып Құдайға қиындықтарын айтады, бірақ қиындықтары сол күйі шешіліп жатқан жоқ. Сонда бұл дұғаларымыз қабыл болмайды деген сөз бе? Жоқ. Киелі кітап адам Құдайға дұрыс түрде дұға қылса, ол міндетті түрде жауап беретініне нық сендіреді. Ендеше, сол Киелі кітап немесе Құдай Сөзі не дейтінін көрейік.

ҚҰДАЙ ТАҒАЛА — ТЫҢДАУШЫ

“Сен дұғаларды тыңдайсың; Өзіңе мінажат етуге әртүрлі адам келеді” (Зәбүр 65:2).

Кейбіреулер жанын босату үшін ғана дұға қылады. Алайда дұғаларын біреу естіп жатыр-ау дегенге сеніңкіремейді. Бірақ дұға — қиындықта жеңілдік сезіну үшін ғана жасалатын емшара емес. Құдайдың Сөзінде: “Ехоба * өзін шақыратындардың бәрінің қасында, Өзін шын жүректен шақыратындардың бәрінің жанында... Көмек сұраған үндерін естиді”,— деген хақ сөздер жазылған (Зәбүр 145:18, 19).

Сондықтан Ехоба Құдай оған табынатын жандардың дұғасын еститініне шек келтірмесек болады. Бізді жақсы көретін ол: “Сендер мені шақырасыңдар, маған келіп, дұға етесіңдер, сонда тыңдайтын боламын”,— дейді (Еремия 29:12).

ХАҚ ТАҒАЛА ДҰҒА ҚЫЛҒАНЫҢЫЗДЫ КҮТЕДІ

“Ұдайы дұға етіңдер” (Римдіктерге 12:12).

Киелі кітапта “ұдайы дұға етуге”, “әр жағдайда сиына беруге” шақыру жазылған (Матай 26:41; Ефестіктерге 6:18).

Бір анығы — Ехоба Құдай біздің дұға қылғанымызды күтеді. Бірақ неге? “Әке, көмектесіңізші” деген кішкентай баласына әкесінің елжіремеуі мүмкін емес. Әрине, әкесі оның не қалайтынын, не сұрағысы келетінін онсыз да біледі. Бірақ сол “көмектесіңізші” деген бірауыз сөзі әкесі ол үшін асқар тау екенін, оның жақын досы екенін көрсетеді. Сол сияқты біз де Ехоба Құдайға дұға айтқанда, ол біздің арқасүйеріміз екенін, біздің жақын досымыз екенін көрсетеміз (Нақыл сөздер 15:8; Жақып 4:8).

ҚҰДАЙ ТАҒАЛА — ҚАМҚОРШЫҢЫЗ

“Бар уайымдарыңды оған артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды” (Петірдің 1-хаты 5:7).

Құдай бізді сүйгендіктен, қамымызды ойлағандықтан оған дұға айтсақ екен дейді. Ол біздің уайым-қайғымыздың бәрін білетіндіктен, көмектескісі келеді.

Дәуіт пайғамбар бүкіл ғұмырында Ехоба Құдайдан көмек сұрап, дұға етумен болды. Оған ой-сезімдерін, терең толғаныстарын бүкпесіз айтты (Зәбүр 23:1—6). Ал Құдай өз тарапынан не істеді? Құдай Дәуітті ерекше жақсы көрді, әрі оның айтқан көп дұғасына құлақ түрді (Елшілердің істері 13:22). Дәл сол сияқты ол біздің де дұғаларымызға құлақ түреді, өйткені ол — қамқор Құдай.

“МЕН ЕХОБАНЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН, ӨЙТКЕНІ ОЛ ҮНІМДІ ЕСТИДІ”

Бұл сөздерді Зәбүр жырларының бір авторы айтқан. Құдай оның дұға-тілектерін еститінін ол білген. Соны білгеннен ол көп күш алып, өмірдің тартысы мен қайғысына шыдап келген (Зәбүр 116:1—9).

Біздің де өтініш-тілектеріміз Құдайдың құлағына шалынып жатқанын білсек, дұға қылуды доғармаймыз. Солтүстік Испанияның тұрғыны Педроның оқиғасы осыған дәлел. Оның 19 жасар ұлы көлік апатынан қаза табады. Жаны егіліп жылап тұрғанда ол Жаратқанынан ештеңе жасырмай бәрін айтатын. Беймаза жанымды тыныштандырып, тірек болшы деп сұрайтын. Оның дұғасы қабыл болды ма? Педро былай дейді: “Ехоба Құдай дұғамызды жауапсыз қалдырмады. Діндес достарымыз әйелім екеумізге тірек болып, жанымызға тыныштық сыйлады”.

Құдай дұғаларымызға тірекші достарымыз арқылы жауап беріп, жанымызға жұбаныш сыйлайды

Әрине, олардың дұғалары ұлдарын өмірге қайтара алған жоқ. Десе де Педроның бүкіл отбасы дұғаның күшін сезінді. Оның әйелі Мәриям былай дейді: “Дұға менің жанымды жеп бара жатқан қайғымды көтеруге көмектесті. Ехоба Құдай менің жанымды түсінгенін білемін. Өйткені дұға айтып болған соң бірден жанымда жым-жырт тыныштық орнай қалатын”.

Дұғаларымыз Құдайдың құлағына шалынатынын Киелі кітаптан да, адамдардың оқиғаларынан да көрдік. Десе де Құдай дұғалардың бәріне бірдей жауап бере бермейді. Неге дұғаларымыздың кейбіріне жауап болса, кейбіреуі жауапсыз қалады?

^ 5-абзац Ехоба деген — Құдайдың төл есімі (Зәбүр 83:18).