Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тараулар мен тармақтар. Оларды Киелі кітапқа кім енгізген?

Тараулар мен тармақтар. Оларды Киелі кітапқа кім енгізген?

СІЗ бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің арасында отырсыз делік. Қауымда жаңа ғана елші Пауылдың жолдаған хаты оқылды. Пауыл хатында Киелі жазбалардан, яғни Еврей жазбаларынан, көп үзінді келтіріпті (Тімөтеге 2-хат 3:15). Сол үзінділерді Киелі жазбалардан өзіңіз ашып көргіңіз келді делік. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Неліктен?

ТАРАУ ДА ЖОҚ, ТАРМАҚ ТА ЖОҚ

Елші Пауылдың кезінде Киелі кітап қолжазбаларының қандай болғанын елестетіп көрейік. Төменде Өлі теңізден табылған шиыршықтардың кішкентай бір бөлігі көрсетілген (Ишая пайғамбардың кітабы). Бұл суреттен не байқаймыз? Мәтіннің ешқандай тыныс белгілері жоқ, әрі ол біз үйреніп қалған тараулар мен тармақтарға бөлінбеген.

Құдай Сөзін жазған адамдар оны тараулар мен тармақтарға бөлмеген. Олар оқырмандардың Құдайдан келген хабардың мәнін толық түсінгендерін қалаған. Өзіміз жақсы көретін адамнан өте маңызды хат келсе, оны толық оқып шығамыз емес пе?!

Киелі жазбалардың тараулар мен тармақтарға бөлінбегені біраз қиындық тудырды. Пауыл қандай да бір сөздерді келтіргенде, “Киелі жазбада былай делінген”, “Ишая алдын ала былай деген” деп қана айта алған (Римдіктерге 3:10; 9:29). Осы сөздерді шиыршықтардан тауып оқығысы келген адам Киелі жазбаларды бес саусақтай білуі керек еді.

Алайда Киелі жазбалар тек бір ғана қарапайым хабардан тұратын кітап емес-тін. Б. з. І ғасырының соңында Киелі жазбалар бөлек-бөлек 66 кітаптан тұратын үлкен кітапқа айналды. Бүгінгі күні адамдар тараулар мен тармақтар бойынша нөмірленген Киелі кітапты қолдануды жөн көреді. Себебі одан елші Пауылдың хаттарында келтірілген үзінділер сияқты нақты бір сөздерді табу оңай.

Сонымен, Киелі кітапты тараулар мен тармақтар бойынша кім бөлді?

ТАРАУЛАРҒА БӨЛГЕН КІМ?

Стефан Лэнгтон деген ағылшын дін қызметкері (кейіннен ол Кентерберий архиепископы болды) Киелі кітапқа тарауларды енгізген кісі болып есептеледі. Лэнгтон мырза бұл жұмысты ХІІІ ғасырдың басында Франциядағы Париж университетінде мұғалім болып жүргенінде жасады.

Лэнгтон мырзаға дейін де зерттеушілер үзінділерді оңай табу мақсатымен Киелі жазбаларды кішкене бөлімдерге не тарауларға бөліп көрген. Сонда қандай да бір сөздерді толық бір кітаптан емес, кітаптың ішіндегі тараулардың біреуінен ғана іздеу анағұрлым оңай болмақ еді. Әсіресе 66 тараудан тұратын Ишая сияқты көлемді кітаптан іздегенде, тараулар таптырмас көмек болып табылатын.

Алайда кейіннен бұл әдістің де шикілігі байқалды. Зерттеушілер сан алуан әрі бір-бірімен үйлеспейтін жүйелер ойлап тауып жатты. Мысалы, бүгінде 16 тараудан тұратын Марқа кітабы сол кезде 50 шақты тарауға бөлінген болатын. Лэнгтонның кезінде Парижде ел-елден келген студенттер оқитын, әрі олар өз Киелі кітаптарын алып келген еді. Ал сабақ кезінде олар дәріскерлеріне немесе дәріскерлері оларға Киелі кітаптың қай жеріндегі сөзді айтып тұрғандарын түсіндіре алмай дал болатын. Неге? Себебі олардың кітаптары тарауларға түрліше бөлінген еді.

Содан іске Лэнгтон мырзаның өзі кірісті. Ол тарауларға бөлудің жаңа жолын ойлап тапты. “Кітап. Киелі жазбалардың тарихы” деген еңбекте айтылғандай, Лэнгтонның жүйесі оқырмандар мен көшірмешілердің назарына бірден ілікті, әрі көзді ашып жұмғанша бүкіл Еуропаға тарап кетті. Бүгіндегі тарауларға бөлінген Киелі кітаптың көбісі сол жүйені арқау еткен.

ТАРМАҚТАРҒА БӨЛГЕН КІМ?

Осыдан 300-дей жыл өткен соң, XVI ғасырдың ортасында атақты француз баспагері Робер Этьенн Киелі кітаптан жазба орындарын табудың оңай жолын енгізді. Ол жұртшылықтың Киелі кітапты кең көлемде зерттегенін көздеп, нөмірленген тараулармен қоса тармақтарды да бір жүйеге келтірді.

Алайда Киелі кітаптың сөздерін тармақтарға бөлуді бірінші болып ойлап тапқан Этьенн емес еді. Оған дейін де осылай жасағандар болған. Мәселен, бірнеше ғасыр бұрын яһуди көшірмешілері бүкіл Еврей жазбаларын, яғни Киелі кітаптың Көне өсиет деп те аталатын бөлігін, тарауларсыз тармақтарға бөлген болатын. Алайда Киелі жазбалар алдымен тек тарауларға, кейіннен тек тармақтарға бөлінгенмен, нақты бір жүйе болмады.

Этьенн Грек жазбаларын, яғни Жаңа өсиетті, жаңа жүйе бойынша тармақтарға бөліп, оны Еврей жазбаларындағы тарауларға бөлу жүйесімен біріктірді. Ол француз тіліндегі толық Киелі кітапты алғаш рет 1553 жылы басып шығарды. Ол кітап қазіргі Киелі кітаптар сияқты, тараулар мен тармақтарға бөлінген болатын. Бірақ тармақтар Киелі кітап мәтінін бөлшектеп, бір-бірімен байланысы жоқ сөйлемдерге бөліп тастады деп сын таққандар да табылды. Алайда Этьеннің бұл әдісін өзге баспагерлер мақұл көріп, тез-ақ қолдана бастады.

КИЕЛІ КІТАП ЗЕРТТЕУШІЛЕРІ ҚОЛ ЖЕТКІЗГЕН СЫЙ

Киелі кітаптың осылай тараулар мен тармақтарға бөлінгені бір қарағанда болмашы іс болып көрінген шығар, әйткенмен мұның пайдасы зор болды. Мысалы, Киелі кітаптың әрбір тармағының жеке орны, яғни қайталанбас “мекенжайы” бар. Тараулар мен тармақтарға бөлу Құдайдың рухының жетелеуімен жасалмағаны рас, әрі Киелі кітаптағы сөздердің кейде қисынсыз жерден бөлінгенін өзіміз де байқап жатармыз. Дегенмен мына мысалды қарастырайық. Қандай да бір кітаптағы не құжаттағы сөздерді есте сақтағымыз келсе, әдетте біз оның астын сызып не белгілеп қоямыз. Сол сияқты тарау мен тармаққа бөлінгенінің арқасында Киелі кітаптан өзіміз маңызды деп тапқан үзінділерді белгілеу не оларды басқа адамдарға көрсету жеңіл болды.

Тарау мен тармаққа бөлінген Киелі кітапты қолдану ыңғайлы болғанымен, толық суретті көре алғанымыз, яғни Құдайдың бүкіл хабарын түсінгеніміз аса маңызды. Жеке-жеке тармақтарды оқумен шектелмей, әрдайым мәнмәтініне үңілуді әдетке айналдырайық. Сонда Киелі жазбаларды жақсырақ біліп, құтқарылуға жеткізетін даналыққа ие боламыз (Тімөтеге 2-хат 3:15).