Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛ

Сүйіспеншілік

Сүйіспеншілік

АДАМДАР СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ ЗӘРУ. Онсыз некенің де, отбасының да, достықтың да еш мәні жоқ. Адамның жан саулығы мен бақыты осы қасиетке тәуелді.

Бірақ біз әңгіме етіп отырған сүйіспеншілік — ер адам мен әйел адамның арасындағы романтикалық сезім емес. Ол — шын жүректен басқа адамның қамын ойлауға, тіпті оның мүддесін өзінікінен жоғары қоюға талпындыратын асқақ қасиет. Бұл сүйіспеншілік Құдай орнатқан қағидаларға бағына отырып танытылады. Десе де оған жылулық сияқты сезімдер де тән.

Киелі кітапта сүйіспеншіліктің келесідей әдемі сипаттамасы бар: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді; сүйіспеншілік қызғанбайды, мақтанбайды, менменсінбейді; ол әдепсіз емес, өзімшіл де, ашушаң да емес, кек те сақтамайды; сүйіспеншілік әділетсіздікке емес, шындыққа қуанады; ол бәріне төзеді... еш үмітін үзбейді, бәріне төтеп береді. Сүйіспеншілік еш сарқылмайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8).

Мұндай сүйіспеншілік уақыт өткен сайын күшейе түседі. Ол шыдамдылықпен, мейірімділікпен әрі кешірімділікпен тығыз байланысты болғандықтан, “адамдарды толықтай біріктіреді” (Қолостықтарға 3:14). Осындай сүйіспеншілік бар ортада адамдар кемшіліктеріне қарамастан, бақытты әрі бейқам өмір кеше алады. Бұл әсіресе неке одағына қатысты.

“АДАМДАРДЫ ТОЛЫҚТАЙ БІРІКТІРЕДІ”

Иса пайғамбар неке одағы туралы өте маңызды қағидаларды айтқан. Олардың бірі мынау: “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады... Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Матай 19:5, 6) Осы сөздерде, кем дегенде, екі қағида бар.

ЕКЕУІ БІРТҰТАС БОЛАДЫ. Екі адамды тығыз байланыстыратын бірден-бір одақ — неке. Ал сүйіспеншілік оларды өзге әйелмен не еркекпен “біртұтас” болудан, яғни опасыздық жасаудан сақтайды (Қорынттықтарға 1-хат 6:16; Еврейлерге 13:4). Опасыздық сенімнен айырып, некенің шырқын бұзады. Ал балалар бұдан ауыр эмоциялық соққы алып, өздерін алдап кеткендей, ешкімге керек еместей қорғансыз сезінеді.

ЕКЕУІН ҚОСҚАН — ҚҰДАЙ. Неке — қасиетті одақ. Осы жайтты түсінетін ерлі-зайыптылар некелерін берік етуге күш салып отырады. Қиындықтар туындағанда, олар айырылысудың амалын іздемейді, өйткені сүйіспеншіліктері мықты әрі еш ортаймайды. Осындай сүйіспеншіліктің арқасында ерлі-зайыптылар өмірдің ыстық-суығында бірлік пен тыныштық сақтай отырып, бәріне төзе алады.

Ата-анасы бір-бірін риясыз сүйетін отбасында өсу — кез келген бала үшін зор бақыт. 20 жасар Джесика былай дейді: “Менің әке-шешем бір-бірін шын жақсы көреді, әрі құрметтейді. Анам әкеме қалай құрмет танытатынын көрген кезде, мен де ол сияқты болғым келіп кетеді”.

Сүйіспеншілік Құдайдың басты қасиеті болғандықтан, Киелі кітапта: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:8). Онда Ехобаның “бақытты Құдай” деп те аталуы бекер емес (Тімөтеге 1-хат 1:11). Біз де Жаратушымыздың қасиеттерін, әсіресе сүйіспеншілігін, үлгі етуге тырыссақ, бақытты боламыз. Киелі кітап: “Сүйікті балалары ретінде Құдайға еліктеңдер... сүйіспеншілік жолымен жүріңдер”,— деп шақырады (Ефестіктерге 5:1, 2).