Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Электронды техниканың балаларға әсері

Электронды техниканың балаларға әсері

Бүгінгінің балалары техниканы шемішкедей шағады. Сондықтан да болар, оларды “желілік ұрпақ”, “сандық ұрпақ” деп айтып жатады. Ал жаңа технологияның шаңына да ілесе алмай жатқан үлкендер өздерін өмірден қалып кеткендей сезінуі мүмкін.

Бірақ құлтемірге телміріп отыратын балалардың мынадай қиындығы бар:

  • гаджетке тәуелділік;

  • кибербуллингке тап болушылық;

  • порнографияға ұрынушылық.

БІЛГЕН ЖӨН

ТӘУЕЛДІЛІК

Ғаламтордағының көбісі, мысалы онлайн ойындар, адамды өзіне жіпсіз байлап, тәуелділік тудыру үшін ойластырылған. Бұл туралы “Әңгімеге оралу” деген кітапта: “Телефондағы кейбір қосымшалар адамды желімдей жабыстырып қою үшін шығарылған”,— делінген. Біз жарнамасы бар қосымшаларды көп қараған сайын, оларға көп пайда түсіреміз.

ОЙТАРАЗЫ: Балаларыңыз телефоннан бір сәт ажырағысы келмей ме? Оларға уақыттарын дұрыс жұмсауға қалай көмектесе аласыз? (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:15, 16).

КИБЕРБУЛЛИНГ

Интернетте отырған кейбір адамдар ашушаң, қатыгез, дөрекі болып кетеді. Мұның арты кибербуллингке ұласуы мүмкін, яғни олар интернет арқылы өзгелерді қорқытып-үркітуі, жәбірлеуі, қорлауы мүмкін.

Біреулер мұндай әрекетке лайк пен тіркелушілерді жинау үшін барып жатады. Мынадай жағдай да болуы мүмкін: адамды шеттетсе, мысалы оны отырысқа шақырмай қойса, ол қорланып, өзіне буллинг жасалғандай сезінуі мүмкін.

ОЙТАРАЗЫ: Интернетте отырғанда балаңыз өзін дөрекі ұстамай ма? (Ефестіктерге 4:31). Оны бір жерге шақырмай қойса, көңілі түсе ме?

ПОРНОГРАФИЯ

Интернетте не көп әдепсіз, ұятсыз өнімдер көп. Балаларының не қарап жатқанын бақылау үшін ата-аналар арнайы функцияларды қосып қоя алады, әрине. Бірақ бұлар бәрібір де жүз пайыз қорғай алмайды.

Секстинг, яғни смартфон арқылы ұятсыз суреттерді алу не жіберу кей елдерде заңмен қудаланады. Өйткені мұндай әрекеттер балалар порнографиясын насихаттау деп қарастырылуы мүмкін.

ОЙТАРАЗЫ: Балаларыңыз ұятсыз суреттерді көріп қоймас үшін немесе біреуге жіберіп қоймас үшін не істесеңіз болады? (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:3, 4).

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

БАЛАЛАРЫҢЫЗДЫ ҮЙРЕТІҢІЗ

Мына заманның балалары “гаджеттің құлағында” ойнаса да, оларды бәрібір үйрету керек. Алдын ала ештеңе үйретпей, смартфонды немесе гаджетті баланың қолына ұстата салу, бір кітапта айтылғандай, “балаға жүзуді үйретпей, суға итеріп жіберумен бірдей”.

КИЕЛІ КІТАП ҚАҒИДАСЫ: “Баланы тәрбиелеп, тура жолға сал, Жасы ұлғайғанда да таймас одан” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 22:6).

Орындағыңыз келетін кеңесті белгілеңіз немесе өз ұсынысыңызды жазыңыз.

  • Балаңызға интернетте отырғанда қалай әдепті болу керектігін айтып түсіндіру.

  • Балаңызды бір жерге шақырмай қойғандықтан көңілі түссе, оған көмектесу.

  • Балаңызды қорғау үшін жаман сайттарды бұғаттау.

  • Оның телефонын тексеріп тұру.

  • Гаджетте күніне қанша уақыт отыруға болатынын айту.

  • Балаға ұйықтар алдында телефон ұстауға рұқсат етпеу.

  • Дастарқан басында телефон ұстап отыруға тыйым салу.