Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СҰХБАТ | ФАНЬ ЮЙ

Компьютерлік бағдарламалар жасаушының өз сенімі жайлы әңгімесі

Компьютерлік бағдарламалар жасаушының өз сенімі жайлы әңгімесі

ПРОФЕССОР Фань Юй математикалық зерттеуші ретіндегі ғылыми кәсібін Пекин қаласының маңындағы Қытай атомдық энергия институтында бастаған. Сол уақыттары ол атеист болған және эволюцияға сенген. Ал қазір ол тіршілікке Жаратушы Құдай бастау берді деп сенеді. “Ояныңдар!” журналының тілшілері Фань Юй мырзамен сенімі жайлы сұхбаттасып келді.

Өзіңіз жайлы бірер сөз айта кетсеңіз...

Мен 1959 жылы Цзянси провинциясының Фучжоу қаласында (Қытай) дүниеге келдім. Сегіз жаста болған кезімде Қытай елінде Мәдени революция жүріп жатты. Әкем инженер-құрылысшы болғандықтан, шалғайдағы жапан далаға темір жол төсеуге жіберілді. Бұл жұмыс бірнеше жылға созылды. Әкем бізді көру үшін жылына бір-ақ рет үйге келіп тұратын. Мен анаммен тұрдым, ол мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі болатын. Біз сол мектепте тұрдық десек те болады. 1970 жылы бізге Люфанға көшуге тура келді. Сол кезде Линьчуань аймағындағы бұл кедей ауылда азық-түлік тапшы болатын.

Отбасыңыз қай дінді ұстанды?

Әкемді дін де, саясат та қызықтырмайтын. Анам болса буддист еді. Ал мен тіршілік өздігінен пайда болды деп үйреткен мектептегі мұғалімдердің сөзіне сенетінмін.

Математикаға неліктен қызыға бастадыңыз?

Өйткені математикада шындықты іздеу үшін логикалық тұрғыдан ой түзу қажет. Бұл маған ұнайды. 1976 жылы революцияның басшысы Мао Цзэдун қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай университетке түстім. Негізгі пән ретінде математиканы таңдадым. Магистр дәрежесін иеленген соң, жұмысқа тұрып, атом реакторларын жобалау ісіндегі математикалық есептермен айналыстым.

Бастапқыда Киелі кітап туралы қандай ойда едіңіз?

1987 жылы докторантура дәрежесіне ие болу үшін Құрама Штаттарға келіп, Техас университетіне түстім. Америкада көп адам Құдайға сенетінін және Киелі кітап оқитынын білетінмін. Киелі кітапта өмірге пайдалы кеңестер жазылғанын да естігенмін, сондықтан оны оқуым керек деп ойладым.

Киелі кітаптан оқығандарым ақылға қонымды болып көрінді. Бірақ бұл кітаптың кейбір жерлерін түсіну маған қиын болды, сондықтан оны шетке ысырып қойдым.

Киелі кітапты қайтадан қолыңызға алуға не талпындырды?

Барлығын Құдай жаратты деген ой мен үшін жаңалық болды, сондықтан бұны өзім зерттеп шығуды ұйғардым

1990 жылы Ехоба куәгерлерінің бірі есігімді қақты. Ол маған Киелі кітапта адамзаттың жарқын болашағы туралы не жазылғанын көрсетті. Кейін ол бір ерлі-зайыптының маған келіп, Киелі кітапты түсіндіруіне қам жасады. Уақыт өте әйелім Ли Пин де Киелі кітапты зерттей бастады. Ол Қытайда жоғарғы сыныптарға физика пәнінен сабақ беретін және өзім сияқты атеист еді. Біз Киелі кітаптан тіршілік қайдан бастау алғанын білдік. Барлығын Құдай жаратты деген ой мен үшін жаңалық болды, сондықтан бұны өзім зерттеп, анық-қанығына жетуді ұйғардым.

Сөйтіп, әрі қарай не болды?

Математик болғандықтан, оқиғалардың ықтималдылығын есептеуге үйреніп қалғанмын. Мен тіршілік кездейсоқ пайда болу үшін дайын ақуыздар керек екенін білетінмін. Сондықтан ақуыздардың өздігінен пайда болу ықтималдылығын есептеп шығаруға тырыстым. Негізі, ақуыздар — бізге мәлім ең күрделі молекулалардың бірі. Ал тірі жасушалардың құрамында тәртіппен әрекеттескен ақуыздардың мыңдаған түрі болуы мүмкін. Зерттей келе, өзгелер сияқты мен де мынаны түсіндім: ақуыздың өздігінен пайда болу ықтималдығының аз болғаны сонша — бұл мүмкін емес деуге болады! Эволюция теориясын зерттегенде, осындай күрделі молекулалардың жасушаны қалай құрайтыны былай тұрсын, тіпті олардың өз-өздерін қалай жасап шығара алатынына қатысты ешқандай дәлел таппадым. Бұның бәрі Жаратушының бар екеніне көзімді жеткізді.

Ал Киелі кітаптың Құдайдан екеніне көзіңізді не жеткізді?

Ехоба куәгерлерімен зерттей келе, Киелі кітапта егжей-тегжейлі айтылып кеткен көптеген пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын білдім. Ондағы кеңестерді өмірімде қолданып, пайдасын көре бастадым. “Мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген кісілердің жазған кеңестері қалайша бүгінде өз тиімділігін жоғалтпаған?” деп таңғалдым. Бірте-бірте мен Киелі кітаптың Құдайдан келгенін түсіндім.

Жаратушының бар екеніне көзіңізді тағы не жеткізеді?

Айналамыздағы табиғаттың күрделілігі туралы ойланғанда, барлық айғақтар Жаратушының бар екеніне нұсқайтынын аңғарамын. Қазір мен компьютерлік бағдарламалар жасап шығарамын. Біздің миымыз компьютерден қаншалықты асып түсетініне жиі аң-таң боламын. Мысалға, біздің миымыз сөйлеп жатқан адамның сөздерін ажырата алады. Бұл бір таңғажайып нәрсе! Көбіміз басқалардың айтқан сөзін оңай түсіне аламыз. Тіпті олар сөйлеп жатқанда үзік-үзік айтса да, күлсе де, жөтелсе де, кекештенсе де, акцентпен сөйлесе де, жан-жағы жаңғырып, у-шу болып жатса да, телефон арқылы сөйлесе де түсіне береміз. Кейбіріміз: “Таңғалатын несі бар?”— дейтін шығармыз. Бірақ компьютерлік бағдарлама жасайтындар олай ойламайды. Дауыс тануға арналған ең мықты деген бағдарламалардың өздері адам миымен салыстыруға да келмейді.

Ең заманауи деген компьютерлердің өздері даусынан сөйлеп тұрған адамды, оның сезімін, акцентін ажырата алмайды. Бағдарлама жасап шығаратындар адам миының осындай қабілеттерін компьютерге де “дарытудың” жолын іздеп, зерттеулер жүргізуде. Бірақ түптеп келгенде, олар Құдайдың тамаша жаратылыстарын зерттейді.