Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚАЙҒЫРҒАН ЖҮРЕКТІҢ ЕМІ

Қайғыны жеңілдету: пайдалы кеңестер

Қайғыны жеңілдету: пайдалы кеңестер

Қайғыны жеңілдетудің жолдарын іздейтін болсаңыз, сансыз көп кеңестер табылар. Олардың бірі пайдалы болса, өзгесі кәдеге онша жарай қоймас. Бұған, алдыңғы мақалада айтылғандай, әркімнің әртүрлі қайғыратыны себеп болып жатады. Сондықтан біреуге тиімді болған кеңес, өзге біреуге тиімсіз болуы мүмкін.

Десе де көпшілікке көмегі тиіп жатқан кеңестер жоқ емес. Қайғымен күресуге көмектесетін мамандар жиі соларды келтіріп жатады. Бұл кеңестер көнеден келе жатқан Киелі кітаптағы қағидалардың дана әрі сенімді екенін растайды.

1 ЖАҚЫНДАРЫҢЫЗДЫҢ КӨМЕГІН ҚАБЫЛ АЛЫҢЫЗ

  • Кейбір мамандардың айтуынша, жақын адамдардың көмегі — қайғыдан оңалудың таптырмас жолы. Сөйткенмен де кейде сіз оңаша қалғыңыз келер. Тіпті қол ұшын бергісі келетіндерге ызаланатын шығарсыз. Бұл — қалыпты жағдай.

  • Үнемі өзгелермен бірге болуым керек деп ойламаңыз, бірақ олардан тым бөлектеніп те кетпеңіз. Өйткені ертеңгі күні олардың көмегіне мұқтаж болуыңыз мүмкін. Дәл қазір өзіңізге не қажет, не қажет емес екенін оларға жұмсақтықпен айтып қойыңыз.

  • Қай кезде өзгелермен бірге болу керектігін, қай кезде жалғыз қалу керектігін жағдайыңызға қарай шешіңіз.

ҚАҒИДА: “Жалғыз болғаннан екеу болған жақсы... Біреуі құласа, екіншісі демеп тұрғызады” (Уағыздаушы 4:9, 10).

2 ДҰРЫС ТАМАҚТАНЫП, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУМЕН АЙНАЛЫСЫҢЫЗ

  • Дұрыс тамақтану қайғының зардабын жеңілдетуге көмектеседі. Әртүрлі жеміс-жидек, көкөніс пен майлы емес тағамдар жеуге тырысыңыз.

  • Су мен басқа да пайдалы сусындарды көп ішіңіз.

  • Асқа тәбетіңіз болмаса, аз мөлшерде жиі-жиі тамақтанып тұрыңыз. Сондай-ақ дәрігерден тағамдық қоспалар жайлы сұрап көріңіз *.

  • Тез жүру мен өзге де жаттығу түрлері жағымсыз сезімдерді басуға ықпал етеді. Денені шынықтыру кейбіреулерге өмірден озған адамы туралы ойлануға мүмкіндік берсе, өзге біреулерге көңілін басқа жаққа бұруға көмектеседі.

ҚАҒИДА: “Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, аялап күтеді” (Ефестіктерге 5:29).

3 ҰЙҚЫҢЫЗДЫ ҚАНДЫРЫҢЫЗ

  • Ұйқының маңызы қашанда зор. Қайғы адамды әл-қуаттан айыратындықтан, ондай адам үшін ұйқы әсіресе маңызды.

  • Кофеин мен спиртті ішімдіктерге келгенде абай болыңыз, өйткені олар ұйқыны бұзады.

ҚАҒИДА: “Тынымсыз еңбектеніп, желдің соңынан қуғанша, азырақ тынығып алған артық” (Уағыздаушы 4:6).

4 ӨЗІҢІЗГЕ ТИІМДІСІН АНЫҚТАҢЫЗ

  • Әркімнің әртүрлі қайғыратынын ескеріп, қайғымен күресудің өзіңізге тиімді болатын жолын анықтауға тырысыңыз.

  • Көп адам қайғысымен бөлісуден жеңілдеп қалса, өзгелері оны іште сақтауды жөн көреді. Қайғыдан оңалу үшін жан-дүниені ақтарудың қаншалықты маңызды екеніне қатысты мамандардың пікірі әртүрлі. Егер әлдекімге мұңыңызды шаққыңыз келсе, бірақ бұдан қысылсаңыз, жақын досыңызға айтудан бастап көріңіз.

  • Кейбіреулер қайғысын көз жасына ерік беріп жеңілдетсе, өзгелері көп жыламай-ақ қайғысынан бас көтеріп жатады.

ҚАҒИДА: “Әркімнің өз бақытсыздығы мен азабы өзіне аян” (Шежірелер 2-жазба 6:29).

5 ЗИЯНДЫ ӘДЕТТЕРДЕН АУЛАҚ БОЛЫҢЫЗ

  • Жақын адамынан айырылғандардың кейбірі жан азабын ішімдік, есірткі я дәрі-дәрмекпен басуға тырысады. Бірақ бұл өте қауіпті. Бұдан адам аз уақытқа ғана қайғысын ұмытар, бірақ артынан көп зардап шегеді. Сондықтан уайым-қайғымен күресудің зиянсыз жолын табыңыз.

ҚАҒИДА: “Арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық” (Қорынттықтарға 2-хат 7:1).

6 КӨҢІЛІҢІЗДІ БАСҚА НӘРСЕГЕ БҰРЫҢЫЗ

  • Көп адам қайғысын үнемі ойлай бермес үшін, арагідік көңілін басқа істерге бұрып тұрудың пайдалы екенін байқаған.

  • Достармен араласу, жаңа нәрселерді үйрену, көңіл сергіту жан жараңызды уақытша болса да ұмытуға септігін тигізеді.

  • Уақыт өте келе бұрынғыдай көп қайғырмай, басқа істерге көбірек араласа бастағаныңызды байқарсыз. Бұл — қайғы дертінен сауыға бастағаныңыздың белгісі.

ҚАҒИДА: “Әр нәрсенің өз уақыты бар,.. Жылайтын уақыт, күлетін уақыт, Зар еңірейтін уақыт, би билейтін уақыт” (Уағыздаушы 3:1, 4).

7 ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ОРАЛЫҢЫЗ

  • Мүмкіндігінше ертерек күнделікті істеріңізге оралуға тырысыңыз.

  • Уақтылы ұйықтап, жұмыс істеп, басқа да шаруалармен айналыссаңыз, өміріңіз бұрынғы қалпына түседі.

  • Өзіңізге ұнайтын істермен айналысқаныңыз мұңлы көңіліңізді сәл де болса жадыратады.

ҚАҒИДА: “Адам қысқа ғұмырының қиыншылықтарын есіне ала бермейді, өйткені Құдай оның жүрегін қуанышқа бөлеп отырады” (Уағыздаушы 5:20).

8 МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАУҒА АСЫҚПАҢЫЗ

  • Жақынын жоғалтқаннан кейін бірден маңызды шешімдер қабылдаған адамдар мұнысына артынан өкініп жатады.

  • Мүмкін болса, көшу, жұмыс орнын ауыстыру, марқұмның заттарын тарату сияқты істерді арада едәуір уақыт өткен соң жасаған дұрыс.

ҚАҒИДА: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер, Асығатын адам жоқшылыққа ұшырар” (Нақыл сөздер 21:5).

9 ЖАҚЫН АДАМЫҢЫЗДЫ ҰМЫТПАҢЫЗ

  • Жақынынан айырылғандардың көбісі сүйікті адамын еске салатын нәрселерді істеудің пайдалы екенін байқаған.

  • Бәлкім, сізге дүниеден озған жақыныңыздың суреттері мен естеліктерін жинау, я болмаса күнделік арнап, есте сақтап қалғыңыз келетін оқиғаларды жазып отыру жұбаныш берер.

  • Бірге өткізген қуанышты сәттерді еске салатын заттарды сақтап қойып, кейін өзіңіз дайын болғанда оларды көріп жүріңіз.

ҚАҒИДА: “Бұрынғы күндерді есіңе ал” (Мұсаның 5-жазбасы 32:7).

10 ҮЙДЕ ОТЫРА БЕРМЕҢІЗ

  • Демалысқа шығу жайлы ойланып көріңіз.

  • Ұзақ уақытқа демалысқа кету мүмкін болмаса, жоқ дегенде, бір-екі күн көңіл сергітуге тырысыңыз. Мысалы, саябаққа барыңыз, достарыңызбен қыдырыңыз, туған-туыстарыңызға қонаққа барыңыз.

  • Әдеттегіден өзгеше істерді жасаудың өзі қайғы жарасын жеңілдетуге көмектеседі.

ҚАҒИДА: “Жүріңдер, менімен бірге оңаша жерге барып, аздап тынығып алыңдар” (Марқа 6:31).

11 БАСҚАЛАРҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

  • Басқаларға көмек қолын созғанда, өзіңіз де жеңілдеп қаласыз.

  • Бәлкім, сізбен бірге жақыныңызды жоқтап жүрген туыстарыңыз бен достарыңыз сияқты адамдарға қолдау көрсетуден бастарсыз. Олар да қайғыларына ортақтасатын жандарға мұқтаж болуы мүмкін.

  • Басқаларды жұбатып, дем бергенде, қуанышқа қайта кенеліп, өміріңіздің әлі де мәні бар екенін түсінесіз.

ҚАҒИДА: “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35).

12 ӨМІРІҢІЗДІ ҚАЙТА САРАЛАҢЫЗ

  • Қайғы кешкен адам өмірге жаңаша көзбен қарап, ненің маңызды екенін жақсырақ түсіне бастайды.

  • Осы уақытты пайдаланып, қалай өмір сүріп жатқаныңызды саралап-салмақтаңыз.

  • Қажет болса, өзгерістер жасап, маңызды істерге баса назар аударыңыз.

ҚАҒИДА: “Той-думанды үйге барғаннан гөрі, азалы үйге барған артық, өйткені барлық адам түбінде өледі. Тірі жүргендер мұны қаперінде ұстасын” (Уағыздаушы 7:2).

Әрине, жақынын жоғалтқанның дерті толық қайтпас. Десе де қайғыны жеңілдетудің амалдарын жасап, соның ішінде осы мақалада келтірілген кеңестерді қолданып, жұбаныш тапқан адамдар аз емес. Рас, бұл тізім қайғыны жеңудің барлық жолын қамтымайды. Алайда сол кеңестердің кейбірін жүзеге асырып көрсеңіз, жан жараңызға айтарлықтай дауа табарсыз.

^ 13-абзац “Ояныңдар!” журналы қандай да бір ем-шара түрін ұсынбайды.