Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | СҮЙІП ІСТЕГЕН ІС ШАРШАТПАЙДЫ

Ауыр еңбек ескіліктің жұрнағы ма?

Ауыр еңбек ескіліктің жұрнағы ма?

Жүк тасымалдау компаниясында жұмыс істейтін Алекс қорапты көлікке тиеп жатып қатты күрсініп қойды. “Өсім бермейтін осы жұмыста қашанғы жүремін? Осы менің жолым бола ма? Жұмысым ауыр болмағанда ғой, өмірім әлдеқайда жақсы болар еді!”— деп ойлады ол.

Осы ер кісі сияқты бүгінде көп адам ауыр жұмысты жандары сүйіп істемейді. “Көбісі қара жұмыс істеуге арланады,— дейді Аарон есімді автомеханик.— Олар мұндай жұмысты уақытша деп қарастырып, одан кетуге асығады”.

Сонда көп адамның ауыр еңбектен қашуына не себеп? Бұқаралық ақпарат құралдары “Нағыз өмір рақатқа толы әрі оңай болу керек” деп жиі құлаққа құя беретіндіктен, бұл олардың еңбекке деген көзқарасына әсер еткен болар. “Жұрттың ойынша, жұмысқа неғұрлым көп күш салсаң, соғұрлым жолың болмайды”,— дейді техқызметші Матай. Шейн есімді ер кісі де осындай үрдісті байқаған көрінеді. “Адамдар толық бір күн жұмыс істемесе де, оның толық ақысын алғысы келеді”,— дейді ол.

Алайда ауыр еңбекті ұнатып істейтін табысты адамдар да аз емес. “Менің ойымша, жетуге тұрарлық мақсатқа бағытталған әрбір бейнеттің артында орасан зор зейнет бар”,— дейді Даниел есімді 25 жасар құрылысшы. 23 жасар Андрэнің онымен келісері анық. “Бақыт пен қуаныш еңбекпен келеді,— дейді ол.— Аз жұмыс істейтіндердің баянды бақытқа кенелуі екіталай, бұған бел буғандар әбден зеріккеннен басқа ештеңе таппайды!”

Даниел мен Андрэ ауыр еңбекке оң көзқарас танытуды қайдан үйренді? Бір ауыз сөзбен айтқанда, олар Киелі кітаптағы кеңестерге құлақ асты. Бұл кеңестер адамды ауыр еңбектен жиренбеуге, қайта, оны адалдықпен әрі табандылықпен атқаруға шақырады. Киелі кітап бізді еңбек етуге баулып қана қоймайды, оны қалай сүйіп істеуге болатынын да көрсетеді.

Олай болса, Киелі кітаптағы қандай кеңестер жұмыстан қанағат алуға көмектеседі? Келесі мақалада солардың кейбіріне назар аударылады.