Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Менің өлгім келмеді!

Менің өлгім келмеді!
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1964

  • ТУҒАН ЖЕРІ: АНГЛИЯ

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: ЖҮГЕНСІЗ ЖАСӨСПІРІМ АНА БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ

Мен Лондонның (Англия) Паддингтон деп аталатын халқы тығыз орналасқан аумағында дүниеге келдім. Анам, мен және үш әпкем — бесеуіміз бірге тұрдық. Ішімдікке салынған әкем үйге бір келіп, бір кетіп жүретін.

Кішкентай кезімде анам әр кеште Құдайға дұға етуді үйреткен еді. Менің Зәбүр жырларынан ғана тұратын Киелі кітабым бар болатын. Оларды өз бетімше әндетіп айтқанды ұнататынмын. Сол уақыттары үйде жатқан бір кітаптан “Ертеңгі күн келмейтін кез келеді” деген сөздерді оқығаным есімде. Осы бір ауыз сөз ойымнан кетпей, тіпті түнгі ұйқымды ұрлады. Төсекте көзім бақырайып жатып: “Бәрі осымен бітуі мүмкін емес қой. Онда мен не үшін дүниеге келдім?”— деп терең ойға бататынмын. Менің еш өлгім келмеді!

Уақыт өте келе спиритизмге әуестеніп кеттім. Мен өлген адамдармен сөйлесуге әрекеттендім, мектептегі достарыммен қабір басына барып жүрдім және солармен бірге қорқынышты фильмдерді көретінмін. Бұл әуестік бір жағынан қызықты болса, бір жағынан зәремізді ұшыратын.

Мен небәрі он жасымда бұзыла бастадым. Темекіні шегіп көрдім де, оған әп-сәтте әуестеніп кеттім. Кейіннен марихуанаға көштім. 11 жасымда арақ ішетін болдым. Оның дәмін жаратпасам да, мас болғанды ұнататынмын. Музыка мен биге жақын адам болған мен түнгі клуб пен кештерге барудың мүмкіндіктерін қалт жібермейтінмін. Түнде үйден сытылып шығып, таң атқанда білдіртпей кіретінмін. Қатты шаршағандықтан, сол күні сабақтан қашып кететінмін. Ал мектепке барған кездері үзіліс кезінде арақ ішіп жүрдім.

Мектептегі соңғы жылы бағаларым әбден нашарлап кетті. Қаншалықты бетіммен кеткенімді білмеген анамның менен қатты көңілі қалды. Содан, жанжал шығып, мен үйден қашып кеттім. Біраз уақыт Тони есімді жігітімнің үйінде тұрдым. Ол ұрлық жасап, есірткі сататын. Жұрт оны өте қатыгез адам деп білетін. Көп ұзамай мен жүкті болып, небәрі 16 жасымда ұл тудым.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

Маған әлеуметтік көмек ретінде жалғыз басты аналарға арналған жатақханадан бөлме берілген еді. Ехоба куәгерлерімен алғаш рет сол жерде таныстым. Екі Куәгер әйел жатақханадағы жас аналарға жиі келіп тұратын. Бір күні олардың әңгімелеріне араласып, Куәгерлердің ілімдері қате екенін дәлелдемек болдым. Олар сабырлық сақтап, менің әрбір сұрағыма Киелі кітап бойынша анық етіп жауап берді. Бұл екі Куәгердің биязы мінездері мен мейірімділіктері маған қатты әсер етті. Содан мен олармен бірге Киелі кітапты зерттеуге келістім.

Көп ұзамай Киелі кітаптан өмірімді өзгерткен бір жайтты білдім. Бала күнімнен өлімнен қорқатынмын. Бірақ Исаның қайта тірілуге қатысты ілімі жайлы білгенімде, қатты қуандым (Жохан 5:28, 29). Сондай-ақ Құдайдың жеке менің қамымды ойлайтынын түсіндім (Петірдің 1-хаты 5:7). Еремия 29:11-де жазылған сөздер жүрегіме ерекше жылы тиді. Ол жерде Ехоба Құдайдың келесідей сөздері жазылған: “Сендерге қатысты ой-ниетім өзіме аян. Сендерге апат жіберуді емес, тыныштық беруді, жарқын болашақ пен үміт сыйлауды ойлап жүрмін”. Бұл сөздер жүрегімде жұмақта мәңгі өмір сүруге деген үміт отын жақты (Зәбүр 37:29).

Ехоба куәгерлері мені шын жүректен жақсы көрді. Олардың қауым кездесуіне бірінші рет келгенімде, барлығы мені жылы қарсы алды. Олардың бір-біріне деген бауырмалдығы бірден байқалатын (Жохан 13:34, 35). Бұрын барған шіркеуімде маған мүлдем басқаша қарайтын. Ал Куәгерлер мені қандай адам болғаныма қарамай қабыл алды. Олар маған уақыт бөліп, қолдау көрсетті әрі қолдан келер көмектерін аямады. Мен өзімді сүйіспеншілік лебі есіп тұрған бір үлкен отбасының мүшесі ретінде сезіндім.

Киелі кітаптан Құдайдың өнегелікке қатысты жоғары талаптарына сай келу үшін біраз өзгерістер жасауым керектігін түсіндім. Оңай болмаса да, темекіні тастадым. Кей әндер марихуананы шегуге деген қалауымды оятатынын түсінгенімде, ондай әндерді тыңдамауды шештім. Ішімдік ішіп мас болмас үшін түнгі клубтар мен кештерге баруды қойдым. Сондай-ақ жаңа өмір салтымды қолдайтын жақсы адамдармен достастым (Нақыл сөздер 13:20).

Сол арада Тони де Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүрді. Олар Тонидің сұрақтарына Киелі кітап бойынша жауап берді. Содан, білген нәрселерінің шындық екеніне оның көзі жетті. Тони өмірін түбегейлі өзгертті: бұрынғы қатыгез достарымен байланысын үзді, ұрлыққа түсуді қойды және марихуананы тастады. Сондай-ақ біз толығымен Ехобаның көңілінен шығу үшін жүгенсіз жүрісті қойып, балаға қажетті толыққанды отбасын құруымыз керектігін түсіндік. Содан біз 1982 жылы үйлендік.

“Болашағым мен өлім жайлы ойлар енді менің түнгі ұйқымды ұрламайды”

Мен “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” * журналдарынан өзім қалаған өзгерістерді жасай алған адамдардың өмірбаяндарын іздеп таптым. Маған олардың үлгілері қатты әсер етті! Мен әрі қарай да бар күшімді салып, еш берілмеуге бекіндім. Талай рет Ехобаға дұға айтып, менен үміт үзбеуін өтіндім. Біз Тони екеуміз 1982 жылдың шілдесінде шомылдыру рәсімінен өттік.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ

Ехоба Құдаймен достасқанның арқасында мен бүгін аман-есен жүрмін. Тони екеуміз қиын сәттерде Құдайға арқа сүйеуді үйрендік. Ехоба біздің отбасымызды осы уақытқа дейін қалдырмай, қамқорлап келгеніне сенімдіміз (Зәбүр 55:22).

Кезінде ұлым мен қызыма Ехоба Құдайды танып білуге көмектесе алғаныма өте ризамын. Қазір өсіп келе жатқан немерелерімнің Құдай жайлы тәлім алып жатқандарын көріп, қуаныштан төбем көкке жетеді.

Болашағым мен өлім жайлы ойлар енді менің түнгі ұйқымды ұрламайды. Апта сайын Ехоба куәгерлерінің әртүрлі қауымдарын аралап, оларды жігерлендіруден Тони екеуміздің қолымыз босамайды. Сондай-ақ сол қауымдармен бірге тәлім беру ісіне қатысып, басқа да адамдарға Исаға сеніп, мәңгі өмір сүру үмітіне ие болуға көмектесеміз.

^ 17-абзац Ехоба куәгерлері басып шығарған.