Мұсаның 5-жазбасы 7:1—26

  • Жойылу керек жеті халық (1—6)

  • Исраилдің таңдап алыну себебі (7—11)

  • Мойынсұнушылық батаға кенелтеді (12—26)

7  Ехоба Құдайларың сендерді иемденгелі тұрған жерге алып кіргенде+, өздеріңнен әлдеқайда көп әрі қуатты жеті халықты+: хеттіктерді, гергестіктерді, аморлықтарды+, қанахандықтарды, перездіктерді, хевтіктер мен ебустіктерді+ — алдарыңнан қуып шығады+.  Ехоба Құдайларың сол халықтарды қолдарыңа беріп, оларды жеңесіңдер+. Сонда оларды міндетті түрде жойып жіберіңдер+. Олармен келісім жасаспаңдар, рақымшылық та танытпаңдар+.  Сол халықтармен құда-жекжат болып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар+.  Әйтпесе ұлдарыңды шынайы Құдайдан алып кетіп, басқа құдайларға құлшылық еткізеді+. Сонда Ехоба сендерге қаһарын төгіп, лезде-ақ құртып жібереді+.  Қайта, сендер оларға былай істеңдер: құрбандық орындарын бұзып, қасиетті тас бағаналарын* қиратып+, қасиетті ағаш бағаналарын* шауып тастап+, ойып жасалған тәңір бейнелерін өртеп жіберіңдер+.  Өйткені сендер Ехоба Құдайларың үшін қасиетті халықсыңдар. Ехоба Құдайларың сендерді жер бетіндегі күллі халықтардың ішінен өз халқы, ерекше* меншігі, ету үшін таңдап алды+.  Ехоба сендерді басқа халықтардың ішінде саны ең көп халық болғандарың үшін жақсы көріп, таңдаған жоқ+, өйткені сендер ең аз халық едіңдер+.  Ехоба сендерді жақсы көргендіктен және ата-бабаларыңа берген уәдесіне адал болғандықтан таңдап алды+. Сондықтан Ехоба өзінің құдіретті қолымен құлдық үйінен, Мысыр патшасы перғауынның қолынан азат етті*+.  Сендер Ехоба Құдайларыңның қандай екенін жақсы білесіңдер: ол — шынайы да адал Құдай, келісімін бұзбайды және өзін жақсы көріп, заңдарын орындайтындарға мыңыншы ұрпағына дейін айнымас сүйіспеншілік танытады+, 10  ал өзін жек көретіндердің есесін қайтарып, жойып жібереді+. Сондайлардың сазайын тартқызуды кешіктірмейді, қарымтасын ашық түрде қайтарады. 11  Сондықтан мен бүгін сендерге айтып отырған заңдарды, нұсқаулар мен шешімдерді орындап жүріңдер. 12  Егер осы шешімдерге құлақ асып, оларды ұстанып, орындап жүретін болсаңдар, Ехоба Құдайларың ата-бабаларыңа берген антына сай, олармен жасасқан келісімін бұзбайды және сендерге айнымас сүйіспеншілік көрсетеді. 13  Ол сендерді жақсы көріп, батасын беріп, өрбітеді. Иә, ол ата-бабаларыңа беремін деп ант еткен елде+ сендерді үбірлі-шүбірлі етеді+, жерлеріңді өніммен жарылқап, астықтарың, жаңа шарап пен майларың мол болады+, сондай-ақ отар-табындарыңды да көбейтеді. 14  Басқа халықтардың ішіндегі ең жарылқанғаны боласыңдар+. Араларыңда белсіз еркек, бедеу әйел және қысыр қалған мал болмайды+. 15  Ехоба сендерден ауру атаулыны аластатады. Мысырдың өздеріңе таныс жаман індеттерінің бірде-біреуін жолатпайды+, оларды сендерді жек көретіндерге жібереді. 16  Ехоба Құдайларың қолдарыңа берген халықтардың бәрін жойып жіберіңдер+. Оларға аяушылық танытпаңдар+, құдайларына құлшылық та етпеңдер+, әйтпесе олар өздеріңе тұзақ болады+. 17  Ал сендер іштей: “Бұл халықтар бізден соншама көп қой. Оларды қайтіп қуып шығамыз?”— деп уайымдауларың мүмкін+. 18  Бірақ олардан қорықпаңдар+. Ехоба Құдайларың перғауын мен бүкіл Мысыр еліне не істегенін еске түсіріңдер+. 19  Ехоба Құдайларың көз алдарыңда зор сот жүргізіп, белгілер мен кереметтер көрсетіп+, қуатты да құдіретті қолымен сендерді алып шыққан еді+. Сендер қазір қорқып отырған халықтардың бәріне де Ехоба Құдайларың дәл осыны істейді+. 20  Ехоба Құдайларың сендер келмес бұрын олардың жігерін жасытады*, сонда аман қалғандары+ мен тығылып қалғандары құрып жоқ болады. 21  Сондықтан олардан жан ұшыра қорықпаңдар, өйткені Ехоба Құдайларың, қастерлі сезім тудыратын ұлы Құдай+, сендерге жар болады+. 22  Ехоба Құдайларың сол халықтарды біртіндеп қуып шығып отырады+. Елді жабайы аңдар қаптап, сендерге зиян келтірмес үшін, сол халықтарды бірден жоймайсыңдар. 23  Ехоба Құдайларың оларды қолдарыңа беріп, толығымен жеңіп, көздерін құртады+. 24  Патшаларын да қолдарыңа береді+, сендер жер бетінен олардың есімдерін өшіресіңдер+. Ешкім сендерге төтеп бере алмайды+, бәрін қырып саласыңдар+. 25  Олардың ойып жасаған тәңірлерін өртеп жіберіңдер+. Өздеріңе тұзақ болмас үшін, тәңірлердің үстіндегі алтын-күміске қызығып, алушы болмаңдар+. Өйткені олар Ехоба Құдайларың үшін жеркенішті+. 26  Жеркенішті ештеңені үйлеріңе әкелмеңдер, әйтпесе соған ұқсап өздерің де жойылып кетесіңдер. Ол жойылуға тиіс нәрсе болғандықтан, оны жек көріп, жеркенішпен қараңдар.

Сілтемелер

Немесе “бағалы”.
Немесе “құн төлеп азат етті”.
Мүмкін: “абыржытады; жан ұшыра қорқытады”.