Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | БАЛА ТӘРБИЕСІ

Балаңызға уайым салатын жаңалықтарды дұрыс қабылдауға көмектесіңіз

Балаңызға уайым салатын жаңалықтарды дұрыс қабылдауға көмектесіңіз

 Бүгінде құйқа тамырыңды шымырлататын жаңалықтар көрем деген адам үшін 24 сағат қолжетімді. Жаңалықпен бірге бәрін ашықтан-ашық көрсетілетін видеоларды да қосып береді.

 Осының бәрін балалар да көреді.

 Балаңыздың санасына салмақ түсіретін жағымсыз жаңалықтардан қалай қорғауға болады?

 Жаңалықтардың балаларға әсері қандай?

  •   Балалар жаңалықтан қайғылы оқиғалар көргенде, қатты мұңаяды. Кейбір балалар сезімдерін ашық көрсетпесе де, қайғылы жаңалықтар жұдырықтай ғана жүректеріне зілдей батуы мүмкін a. Ата-анасы да жайсыз жаңалықтарды көрген сайын күйгелектене беретін болса, бұл баланың уайымына уайым қосады.

  •   Бала көрген жаңалықты дұрыс түсінбеуі мүмкін. Мысалы, балалар қайғылы жаңалықты көріп қалса, “біздің де отбасымызбен солай болып қалса ше?” деген қорқынышты ой мазалауы мүмкін. Ал кейбіреулері қайта-қайта көрсетілген бір қайғылы жаңалықты бірнеше қайғылы жаңалық деп ойлап қалуы мүмкін.

  •   Балалар жаңалықтарды қалай бар, солай қабылдайды. Балалар ақпарат тарататын агенттіктер көбінесе ақшаны, көрермендерін көбейтуді көздейтінін түсінбейді. Сол көздегеніне жету үшін олар болмағанды болдырып, болғанды тым әсірелеп жеткізуі мүмкін.

 Уайым салатын жаңалықтарды дұрыс қабылдауға қалай үйретсе болады?

  •   Жайсыз жаңалықтарды көп көрсетпеңіз. Әрине, бұл бала мүлдем жаңалықтар көрмеу керек деген сөз емес. Өйткені бала әлемде не болып жатқанын білсе жақсы. Алайда екінші шегіне де шығып кетпеңіз. Өйткені қайта-қайта жаман жаңалықты көру балаға еш пайда әкелмейді.

     “Кейде біз кейбір жаңалықтың жілігін шағып тұрып талқылаймыз. Бірақ соны тыңдап тұрған баламызды бұл қаншалықты уайымдататынын аңғармай қаламыз” (Мәриям).

     Киелі кітаптың нақылы: “Сарыуайым жүректі күйзелтеді” (Нақыл сөздер 12:25).

  •   Мұқият тыңдап, жанын түсініңіз. Балаңыз бір жағдай жайлы айта алмай, қиналып жатса, сурет салып беруін сұраңыз. Оның уайымын сейілту үшін баланың тілімен сөйлеңіз. Алайда балаңызға керек емес мәліметті айтпай-ақ қойыңыз.

     “Біз мынаны байқадық: қызымызды мұқият тыңдағаннан кейін ол өзін жақсы сезініп қалады, алайда “қайтеміз енді, бұған шыдауымыз керек” деген сөздердің түк пайдасы жоқ” (Сарахи).

     Киелі кітаптың нақылы: “Әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге... баяу болсын” (Жақып 1:19).

  •   Балаңызға жаңалықты дұрыс түсінуге көмектесіңіз. Мысалы, журналистер адам ұрлауды күнде болатын оқиға сияқты көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдай онымен болмайтынын көрсету үшін балаңызға оны қорғау үшін не істеп жатқаныңызды түсіндіріңіз. Әдетте жаңалықтарда берілетін қайғылы оқиғалар жиі болатындықтан емес, сирек болатындықтан көрсетіледі.

     “Әдетте сезімнен ой туады. Сондықтан балаңыз жағымсыз сезімдерден арылсын десеңіз, оның ойын жағымды нәрсеге бұрыңыз. Сонда жағымсыз сезімдер сейіле бастайды” (Лурдес).

     Киелі кітаптың нақылы: “Дананың жүрегі аузына терең түсінік салар, Сөзіне нанымдылық берер” (Нақыл сөздер 16:23).

a Үрейі бар балалар әдетте түнде бұтына жіберіп қояды. Ата-анасынан ажырап қалатындықтан, мектепке барудан қорқады.