Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қайғы-қасірет Құдайдың жазасы ма?

Қайғы-қасірет Құдайдың жазасы ма?

ЛУЗИЯ СОЛ АЯҒЫН СЫЛТЫП БАСАДЫ. Кішкентай кезінде ол полиомиелит ауруына шалдыққан. Өте жұқпалы бұл ауру адам ағзасының жүйке жүйесін зақымдайды. Лузия 16 жаста болғанда, жұмыс беруші әйел оған: “Анаңның тілін алмай, оған көп қиындық тудырғаның үшін Құдай сені жазалап сал етті”,— деген. Жылдар өтсе де, жүрегіне зілдей батқан бұл сөздер Лузияның әлі есінде.

ДАМАРИС МИ ҚАТЕРЛІ ІСІГІНЕ ШАЛДЫҚҚАН. Дамаристің ауруы туралы естігенде әкесі оған: “Осындай пәлеге душар болатындай не істеп қойдың? Күнә жасағаннан саумысың? Құдай сені сол үшін жазалап жатқан шығар”,— деген. Әкесінің бұл сөздері Дамаристің жүрегіне пышақ сұққандай болды.

Құдай ауру жіберіп жазалайды деген ұғымның тарихы тереңде жатыр. Бір кітапта айтылғандай, Иса пайғамбардың заманында көп адам “ауру — адамның өзінің не туысының күнәсі үшін жіберілген жаза” деп сенген (“Manners and Customs of Bible Lands”). Тағы бір еңбекте жазылғандай, орта ғасырдағы “кейбір адамдар Құдай індеттер жіберіп, адамдарды күнәлары үшін жазалайды деп ойлаған” (“Medieval Medicine and the Plague”). Сонда XIV ғасырда бүкіл Еуропадағы миллиондаған адамның өмірін жалмаған індет Құдайдың жазасы болғаны ма? Әлде бұл індет медициналық зерттеулер дәлелдегендей, бактериялды инфекциядан тараған ба? Кейбіреулер ойлайтындай, Құдай расында да адамдарды күнәлары үшін ауруға шалдықтыра ма *?

ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ. Құдай адамдарды ауруға шалдықтырып, күнәларына лайықты жазасын берген болса, онда неге Иса пайғамбар ауруларды сауықтырған? Мұнысымен ол Ехобаның жазасын әділетсіз етіп көрсетпес пе еді? (Матай 4:23, 24). Иса пайғамбар ешқашан Құдайдың ісіне қарсы шықпаған. Қайта, ол: “Мен әрқашан оған ұнайтынды істеймін... Әкем нені өсиет етсе, соны орындаймын”,— деген (Жохан 8:29; 14:31).

Киелі кітапта: “Құдай еш әділетсіздік жасамайды”,— деп анық айтылған (Мұсаның 5-жазбасы 32:4). Мысалы, Құдай ұшақтағы бір адамды жазалау үшін, жүздеген жазықсыз адамның өмірін қиып ұшақты апатқа ұшыратпайды ғой. Құдайдың адал қызметшісі Ыбырайым пайғамбар айтқандай, Құдай әділ болғандықтан ешқашан “әділді жауызбен бірге құртпайды”. Ол Құдайдың бұлай әрекет етуі мүмкін емес екенін де айтқан (Мұсаның 1-жазбасы 18:23, 25). Сондай-ақ Киелі кітапта Құдайдың “зұлымдық жасамайтыны” және “жамандыққа бармайтыны” айтылған (Әйүп 34:10—12).

КИЕЛІ КІТАПТАН БІЛЕРІМІЗ

Қандай да бір қасіретке душар болсақ, бұл Құдай бізді жазалап жатыр деген сөз емес. Иса пайғамбардың өзі мұны нақты айтқан. Бірде ол шәкірттерімен келе жатқанда, туылғанынан зағип болған бір кісіні көрген. Сонда шәкірттері одан: “Ұстаз, мынаның зағип болып туылғанына өз күнәсі себеп болды ма, әлде әке-шешесінікі ме?”— деп сұраған. Иса пайғамбар: “Оның өзі де, әке-шешесі де күнә жасаған жоқ”,— деп жауап берген (Жохан 9:1—3).

Сол уақытта қате пікір кең тарағандықтан, Иса пайғамбар әлгі кісінің зағип болғанына өзі де, ата-анасы да кінәлі еместігін айтқанда, шәкірттері таңғалса керек. Сосын Иса пайғамбар әлгі кісіні сауықтырып, “Құдай қайғы-қасірет жіберіп адамдарды жазалайды” деген жалған ұғымды жоққа шығарды (Жохан 9:6, 7). Бүгінде қатты науқастанып жүрген адамдар бастарына түскен қасіретке Құдайдың кінәлі емес екенін біліп жұбаныш таба алады.

Құдай адамдарды күнәлары үшін жазалаған болса, Иса пайғамбар ауруларды не үшін сауықтырған?

Киелі кітаптың айтары...

  • “[Құдай] ешкімді жамандықпен сынамайды” (ЖАҚЫП 1:13). Адамдарды ғасырлар бойы азаптап келе жатқан жамандық, атап айтқанда ауру, өлім, қайғы-қасірет жақында жоқ болады.

  • Иса пайғамбар “барлық науқастарды сауықтырды” (МАТАЙ 8:16). Иса пайғамбар адамдарды сауықтыруымен Құдайдың көктегі үкіметі билік еткенде, дүниежүзі бойынша нендей жайт орын алатынын көрсетті.

  • “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (АЯН 21:3—5).

КІМ КІНӘЛІ?

Адамдар неге көп қайғы-қасірет шегуде? Бұл сұрақ ғасырлар бойы өз жауабын таппай келеді. Қайғы-қасіретке Құдай кінәлі болмаса, онда кім кінәлі? Бұл сұрақтардың жауабын келесі мақаладан білеміз.

^ 4-абзац Ежелде Құдай адамдарды күнәлары үшін жазалағанмен, бүгінде оның аурулар мен апаттар жіберіп адамдарды жазалайтыны туралы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған.