Мазмұнға өту

Холокост неге болды? Құдай неге оған жол берді?

Холокост неге болды? Құдай неге оған жол берді?

 Осы сынды сұрақтар көп адамды мазалайды. Кейбірі Холокосттың кесірінен жақынынан айырылған. Сондықтан олар осы сұрақтардың жауабын біліп қана қоймай, жұбаныш тапқылары келеді. Ал басқалары Холокостты нағыз қаражүрек қатыгездік деп санайды. Сол себепті де оларға Құдайға сену қиын.

Құдай мен Холокост жайлы жаңсақ пікірлер

Жаңсақ пікір: “Құдай неге Холокостқа жол берді” деп сұрау дұрыс емес.

 Шындық: Сенімдері мықты адамдардың өзі Құдайдан “неге зұлымдыққа жол беріп жатырсың” деп сұраған. Мысалы, Абақұқ пайғамбар Құдайдан: “Неге қатыгездік пен қылмысқа, зорлық-зомбылық пен жауыздыққа жол беріп отырсың?”— деп сұраған (Абақұқ 1:3, “Contemporary English Version”). Осындай сұрақ қойғаны үшін Құдай Абақұқты жазғырған жоқ. Қайта, оның осы сауалын барлық адам оқи алу үшін Киелі кітапқа жаздырған.

Жаңсақ пікір: Адамдар қиналып жатыр ма, жоқ па, Құдайға бәрібір.

 Шындық: Құдай зұлымдықты да, соның кесірінен болып жатқан қайғы-қасіретті де жек көреді (Нақыл сөздер 6:16—19). Нұх пайғамбардың заманында жер бетінде болып жатқан қатыгездікті көрген кезде Құдайдың “жүрегі ауырды” (Мұсаның 1-жазбасы 6:5, 6). Холокосттың да Құдайдың жанына батқанына күмән жоқ (Малахи 3:6).

Жаңсақ пікір: Холокост арқылы Құдай еврейлерді жазалаған.

 Шындық: Құдай бірінші ғасырда римдіктердің Иерусалимді жоюына жол берген (Матай 23:37—24:2). Бірақ сол уақыттан бері Құдай ешқандай ұлтты ықыласына бөлемеген де, жазаламаған да. Құдайдың көз алдында “яһудилер мен басқа ұлттардың араларында айырмашылық жоқ” (Римдіктерге 10:12, “Жаңа өмір” баспасы).

Жаңсақ пікір: Егер Құдай құдіретті, мейірімі мол болса, онда Холокостқа жол бермес еді.

 Шындық: Құдай ешқашан қайғы-қасіретке себепші болмайды. Бірақ оған уақытша жол береді (Жақып 1:13; 5:11).

Құдай неге Холокосттың болуына жол берді?

 Құдай адамзаттың бар қасіретіне не үшін жол беріп отырса, Холокостқа да сол үшін жол берген, яғни ғасырлар бұрын көтерілген даулы мәселені шешу үшін. Киелі кітапта бүкіл дүниені Құдай емес, Шайтан билеп отырғаны нақпа-нақ айтылған (Лұқа 4:1, 2, 6; Жохан 12:31). Қазір Құдай неге Холокостқа жол бергенін түсінуге көмектесетін екі фактіні қарастырайық.

  1.   Құдай адамдарды таңдау еркіндігімен жаратқан. Ол алғашқы адам жұбына олардан нені талап ететінін айтқан, бірақ өзіне мойынсұнуға күштемеген. Адам ата мен Хауа ана ненің жақсы, ненің жаман екенін өздері шешкілері келді. Алайда олардың бұрыс таңдауы барлық адамзатты қайғы-қасіретке ұшыратты. Тарих бойы адамдар тура Адам мен Хауа сияқты бұрыс таңдау жасап келеді (Мұсаның 1-жазбасы 2:17; 3:6; Римдіктерге 5:12). Бір кітапта жазылған мына сөздердің жаны бар: “Дүниедегі қайғы-қасіреттің көбісі бізге сый ретінде берілген таңдау еркіндігін дұрыс пайдаланбағанның кесірінен болып жатыр” (“Statement of Principles of Conservative Judaism”). Құдай бізді таңдау еркіндігімізден айырмады. Қайта, адамдарға өз беттерінше өмір сүруге уақыт берді.

  2.   Құдай Холокосттың келтірген бар залалын жояды. Ол қайтыс болған миллиондаған адамды, соның ішінде Холокост құрбандарын да, қайта тірілтетінін уәде етеді. Сондай-ақ Холокостта азап шеккендер болашақта сол сұмдық оқиғаны еске алып, қиналмайтын болады (Ишая 65:17; Елшілердің істері 24:15). Құдай адамзатты қатты жақсы көргендіктен міндетті түрде уәделерін орындайды (Жохан 3:16).

 Құдай неге зұлымдыққа жол беріп отырғанын және оның зұлымдықты қалай жоятынын білгендіктен, Холокосттың құрбаны болғандардың не одан аман қалғандардың көбісі өмірдің мәнін тауып, Құдайға деген сенімдерін сақтап қалған.