Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Еске алу кешін өткізуге барын салғанды Ехоба жарылқайды

Еске алу кешін өткізуге барын салғанды Ехоба жарылқайды

“Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар” (ЛҰҚА 22:19).

19-ӘН Еске алу кеші

АҢДАТПА a

1, 2. Неге біз жыл сайын Еске алу кешіне барамыз?

 ЕКІ МЫҢ жылдай бұрын Иса Мәсіх біз үшін өмірін қиып, мәңгі өмір сүруімізге мүмкіндік ашты. Өлер алдындағы түні ол ізбасарларына осы жанқияр әрекетін еске алып тұруды бұйырды. Бұл үшін олар нан мен шарапты қолданып қарапайым рәсім өткізулері керек еді (Қор. 1-х. 11:23—26).

2 Исаны қатты жақсы көретіндіктен, біз оның осы бұйрығын орындаймыз (Жох. 14:15). Оның жақсылығына алғысымыз ретінде біз жыл сайын Еске алу мезгілінде, яғни сол кешке дейінгі және кейінгі апталарда, оның құрбандығы адамзатқа не бергені жайлы ойланып-толғанып, дұға етеміз. Сондай-ақ осы айтулы күнге мейлінше көп адамды шақыру үшін қызметке де белсенділікпен атсалысамыз. Сонымен қатар ешқандай кедергіге қарамастан сол кеште болуға барымызды саламыз.

3. Бұл мақалада не талқылаймыз?

3 Ехобаның халқы Еске алу кешін атап өту үшін көп күш салып, ерен еңбек етіп келеді. Осы мақалада соның үш дәлелін қарастырамыз: 1) олар Еске алу кешін дәл Иса айтқандай атап өтуді қалпына келтірді; 2) адамдарды Еске алу кешіне шақырады; 3) таудай кедергілерге қарамастан, осы кешті өткізеді.

КЕШТІ ИСА АЙТҚАН ЖОЛМЕН ӨТКІЗУ

4. Жыл сайын Еске алу кешінде қандай шындықтарға назар аударылады және неге біз бұл шындықтарды бағалауымыз керек? (Лұқа 22:19, 20)

4 Жыл сайын біз Еске алу кешінде Киелі кітапқа негізделген баяндама тыңдаймыз. Одан біз адамзат неге төлемге мұқтаж екенін және қалайша бір адамның өлімі көп адамның күнәсін өтейтінін білеміз. Шарап пен нан нені білдіретінін және одан кімдер дәм тататынын да еске түсіреміз (Лұқа 22:19, 20 оқыңыз). Жерде өмір сүруге үміттенетіндерді болашақта қандай баталар күтіп тұрғаны жайлы ойланамыз (Ишая 35:5, 6; 65:17, 21—23). Бұл шындықтарға біздің етіміз үйреніп, бағаламай кетпейік. Басқа миллиардтаған адамдар бұл шындықтарды түсінбейді де, Исаның асыл құрбандығының құндылығына да бойлай бермейді. Ал кейбірі Мәсіхтің өлімін еске аламыз дегенмен, бұл кешті әуел баста Иса үйреткен жолмен атап өтпейді. Неге бұлай болды?

5. Исаның елшілерінің көбісі өлгеннен кейін, Еске алу кешін атап өту рәсімімен не болды?

5 Исаның елшілерінің көбісі көз жұмғаннан кейін, қауымдарға жалған мәсіхшілер ене бастады (Мат. 13:24—27, 37—39). Олар “шәкірттерді өздерімен әкету үшін... жалған ілімдерді таратты” (Ел. іс. 20:29, 30). Мысалы, олар Мәсіх көптеген адамның күнәсін мойнына алу үшін өзін біржолата құрбан еткен жоқ, бұл құрбандық қайта-қайта беріліп тұру керек деп үйрете бастады (Евр. 9:27, 28). Өкінішке орай, бүгінде көп адам осы өтірікке сенеді. Олар шіркеулерде жүйелі түрде, тіпті күнде-күнде жиналып, “Қасиетті Месса” деп аталатын рәсімді өткізеді b. Ал басқа діндер Исаның өлімін бұлай жиі атап өтпесе де, оның құрбандығының мән-маңызын терең түсіне бермейді. Басқалары болса: “Исаның құрбандығы шынымен менің күнәларымды жуып-шая ала ма?”— деп сеніңкіремейді. Бұлай күмәнданатын себебі — оларға “Исаның өлімінің біздің күнәларымызды кешіретін күші жоқ” деп айтатындар әсер еткен болуы мүмкін. Ал Исаның шынайы ізбасарлары бұған қатысты шындықты қалай жарыққа шығарды?

6. 1872 жылы Киелі кітап зерттеушілерінің тобы қандай тұжырымға келді?

6 XIX ғасырдың аяғына қарай Чарлз Тейз Расселл бастаған Киелі кітап зерттеушілерінің тобы Жазбаларды тыңғылықты зерттеуге кіріседі. Олар Исаның құрбандығының мән-маңызы мен оның өлімін қалай еске алу керектігіне қатысты шындықты білгілері келді. Сөйтіп, 1872 жылға қарай олар Иса шынымен де бүкіл адамзат үшін төлем құрбандығын бергенін түсінді. Киелі кітап зерттеушілері бұл шындықты жасырып қалмай, кітаптар мен газет-журналдардың беттерінде жария етті. Ал көп ұзамай олар І ғасырдағы мәсіхшілердің үлгісіне сай, Мәсіхті еске алу кешін жылына бір рет атап өтетін болды.

7. Кезінде Киелі кітап зерттеушілері жүргізген ізденістің қандай жемісін көріп жатырмыз?

7 Бүгінде біз сол адал мәсіхші ерлердің көз майын тауысып жасаған еңбегінің жемісін көріп жатырмыз. Ехобаның жарылқауымен олар көзімізді ашып, біз Исаның құрбандығы мен оның бүкіл адамзат үшін әкелетін пайдасы жайлы шындықты білдік (Жох. 1-х. 2:1, 2). Сондай-ақ Киелі кітаптан адал адамдар үшін екі үміт бар екенін білдік: кейбіреулері көкте өлмес өмірге ие болуға үміттенсе, қалған миллиондаған адам жер бетінде мәңгі өмір сүруге үмітті. Ехобаның сүйіспеншілігінің қандай күшті екені және Мәсіхтің құрбандығы әрқайсысымызға мол пайда әкелетіні жайлы ойланғанда, біз Ехобаға жақындай түсеміз (Пет. 1-х. 3:18; Жох. 1-х. 4:9). Сондықтан сол Киелі кітап зерттеушілерінің жолын қуып, біз де адамдарды Еске алу кешін Иса үйретіп кеткендей атап өтуге шақырамыз.

АДАМДАРДЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІНЕ ШАҚЫРУ

Еске алу кешіне шақыру науқанына белсене атсалысу үшін не істесеңіз болады? (8—10 абзацтарды қараңыз) e

8. Ехобаның халқы басқаларды Еске алу кешіне шақыру үшін қандай шаралар жасады? (Суретті қараңыз.)

8 Ехобаның халқы басқаларды Мәсіхтің өлімін еске алу кешіне шақырып жүргеніне, міне, көп жылдың жүзі болды. Сонау 1881 жылы бүкіл Құрама Штаттардағы бауырластар Еске алу кешіне шақырылып, Пенсильвания штатының Аллегейни қаласындағы бір бауырластың үйіне жиналды. Кейінірек әр қауым бұл кешті жеке өткізетін болды. 1940 жылы наурыз айында жариялаушылар осы ерекше жиынға аумағындағы қызығушылық білдірген адамдардың барлығын шақыра алатындары хабарланды. Ал 1960 жылы Бетел алғаш рет шақыру қағазын басып шығара бастады. Содан бері Еске алу кешіне шақыру қағазының миллиардтаған данасы үлестірілді! Неге біз басқаларды осы кешке шақыруға уақытымыз бен күшімізді аямай жұмсаймыз?

9, 10. Еске алу кешіне кімдерді шақырамыз және олар бұның қандай пайдасын көреді? (Жохан 3:16)

9 Өзгелерді Еске алу кешіне шақыруымыздың бірден-бір себебі — бірінші рет келген адамдар Ехоба мен Исаның әрбір адам үшін жасаған жақсылығын білгенін қалаймыз (Жохан 3:16 оқыңыз). Еске алу кешінде көріп-естігендері олардың жүрегіне әсер етіп, әрі қарай да Ехоба жайлы көбірек біліп, оның қызметшісі болса екен дейміз. Бірақ бұл кештің пайдасын көретін олар ғана емес.

10 Сонымен қатар біз Ехобаға қызмет етпей кеткендерді де шақырамыз. Өйткені Ехоба оларды әлі де жақсы көретінін білгенін қалаймыз. Көбісінің шақыруымызды қабыл алып, Еске алу кешіне келгендерін көргенде қуанышымызда шек болмайды. Олар бұл кешке келгеннің арқасында Ехобаға қызмет еткен бақытты күндерін еске түсіріп жатады. Моника c дәл осындай күй кешкен. Ол COVID-19 пандемиясы кезінде қайтадан белсенді жариялаушы болды. 2021 жылы Еске алу кешіне қатысқаннан кейін, ол былай деп ағынан жарылды: “Бұл Еске алу кешінің мен үшін орны бөлек. 20 жылда бірінші рет адамдарға уағыздап, Еске алу кешіне шақырдым. Ехоба мен Исаның мен үшін барған құрбандығына риза болғаным сонша — бұл іске барымды салдым” (Зәб. 103:1—4). Адамдар Еске алу кешіне келсін-келмесін, біз өзгелерді әрі қарай да бар ынтамызбен шақыра береміз. Өйткені еңбегіміз бекер емес, Ехоба үшін бағалы.

11. Еске алу кешіне шақыру ісімізге Ехоба қалай батасын төгуде? (Хагей 2:7)

11 Адамдарды Еске алу кешіне шақыру үшін еткен еңбегімізге Ехоба мол батасын төкті. 2021 жылы COVID-19 пандемиясындағы шектеулерге қарамастан, осы кешке 21 367 603 адам қатысты. Бұл рекордтық көрсеткіш дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлерінің санынан екі жарым есе көп. Бірақ, әрине, бірінші кезекте Ехобаны адамдардың саны емес, өздері қызықтырады (Лұқа 15:7; Тім. 1-х. 2:3, 4). Ехоба Еске алу кешіне шақыру ісіміз арқылы ақжүрек адамдарды тапқысы келетініне біз кәміл сенімдіміз (Хагей 2:7 оқыңыз).

ЕСКЕ АЛУ КЕШІН КЕДЕРГІЛЕРГЕ ҚАРАМАЙ ӨТКІЗУ

Еске алу кешін өткізуге күш салсақ, Ехоба батасын төгеді (12-абзацты қараңыз) f

12. Еске алу кешіне қатысуға не кедергі болуы мүмкін? (Суретті қараңыз.)

12 Иса соңғы күндердің жайын алдын ала айтып кеткен. Ол мәсіхшіге өз үй іші қарсы шығатынын, қуғын-сүргін көретінін, соғыс, індет пен басқа да қиындықтар болатынын айтқан (Мат. 10:36; Мар. 13:9; Лұқа 21:10, 11). Кейде осы жағдайлар бізге Еске алу кешін атап өтуге кедергі болуы мүмкін. Бірақ бауырластар бұл қиындықтарға беріспеу үшін не істегенін және Ехоба оларды қалай жарылқағанын білейік.

13. Батылдық танытып, түрмеде де Еске алу кешін атап өтуге бекінген Артемді Ехоба қалай жарылқады?

13 Түрмеге түскенде. Сенімі үшін түрмеде отырған бауырластар да Мәсіхтің өлімін еске алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Солардың бірі — Артем. Ол 2020 жылдың Еске алу мезгілінде небәрі 17 шаршы метрлік камераға жабылады. Ол камерада бес адамға дейін отыратын. Түрмеге түсіп қалса да, Артем Еске алу кешінің рәміздеріне қажетті заттарды тауып, өзіне өзі баяндама айтуды жоспарлайды. Бірақ камерадағылар екі сөзінің бірінде балағат айтатын, әрі темекінің көк түтінін бұрқыратып отыратын. Ал бұл кедергіні Артем қалай жеңді? Ол: “Ең болмағанда бір сағатқа жаман сөз айтпай, темекі шекпей отыра аласыңдар ма?”— деп өтінді. Қуанышқа орай, олар келісе кетті. Бірақ Артем осы кеш туралы толығырақ айтып бергісі келіп еді, олар тыңдай қоймады. Алайда Артемнің кешті қалай атап өткенін көріп, баяндамасын тыңдағаннан кейін олар жан-жақтан сұрақтарын жаудырды.

14. Бауырластар COVID-19 пандемиясында да Еске алу кешін өткізудің қандай амалдарын жасады?

14 COVID-19 пандемиясында. Пандемия жайлағанда Ехобаның халқы Патшалық сарайларында жүзбе-жүз жинала алмай қалды. Алайда қалауын тапса, қар жанады емес пе?! Интернеті бар қауымдар Еске алу кешін видеоконференциямен өткізді d. Ал интернет қолжетімсіз жерде тұратын миллиондаған адамдар қайтті? Кейбір елдерде Еске алу кешінің баяндамасы теледидар не радио арқылы айтылды. Ал шалғай аймақта тұратындарға арнап филиалдар 500-ден көп тілде баяндаманың бейнежазбасын дайындады. Сосын жауапты ер бауырластар оны сол аймақтарға жеткізді.

15. Сью деген Киелі кітапты зерттеушіден қандай үлгі аламыз?

15 Үй ішінің қарсылығы. Кейбіреулер үшін Еске алу кешіне қатысуға ең үлкен кедергі — отбасының қарсылығы. Бұған бір мысал — Сью деген Киелі кітапты зерттеуші әйел. Ол 2021 жылғы Еске алу кешіне дәл бір күн қалғанда тәлімгерімен сөйлесіп, үйіндегілер қарсы болғандықтан кешке қатыса алмайтынын айтады. Сонда бауырлас оған Лұқа 22:44-ті оқиды да, оны Исаға еліктеп қиын кезде Ехобаға дұға айтуға әрі оған 100 пайыз сенім артуға шақырады. Ертесіне Сью рәміздерді дайындап, jw.org сайтынан таңғы ғибадаттың арнайы бағдарламасын көріп алады. Ал кешке бөлмесіне кіріп, телефонмен Еске алу кешіне қосылады. Кейін тәлімгеріне былай деп жазып жібереді: “Кеше сен менің жігерімді қайрап, қанаттандырып жібердің. Мен Еске алу кешіне қатысудың бар амалын жасадым, ал қалғанын Ехоба жасап берді. Қалай қуанып тұрғанымды білсең ғой! Ехобаға алғысым шексіз!” Осындай жағдайда Ехоба сізге де көмектесе алатынына сенесіз бе?

16. Еске алу кешіне қатысу үшін барымызды салсақ, Ехоба батасын төгетініне неліктен сенімдіміз? (Римдіктерге 8:​31, 32)

16 Еске алу кешін атап өтуге барымызды салсақ, Ехоба мұны асылға балайды. Оның жасаған жақсылығын бағалайтынымызды көрсетсек, Ехоба да батасын аямай төгеді (Римдіктерге 8:31, 32 оқыңыз). Ендеше, биылғы Еске алу кешіне қатысуға әрі соған дейінгі және кейінгі апталарда рухани істерге белсене араласуға мықтап бекінейік.

18-ӘН Төлемге ризашылық

a 2023 жылы 4 сәуірде дүниежүзі бойынша миллиондаған адам Иса Мәсіхтің өлімін еске алуға жиналады. Олардың ішінде мұндай кешке өмірлерінде бірінші рет келетіндер болады. Сондай-ақ көп жылдан бері қауымға келмей кеткен Куәгерлер де болады. Ал кейбіреулерге осы кешке қатысу үшін үлкен кедергілерді жеңу керек. Жағдайыңыз қандай болмасын, Ехоба сіздің Еске алу кешіне қатысудың бар амалын жасағаныңызды аса бағалайды.

b Бұл рәсімнің барысында нан мен шарап тікелей мағынада Мәсіхтің тәні мен қанына айналады деген сенім бар. Осылайша осы рәсім жасалған сайын, Исаның тәні мен қаны құрбандыққа беріліп отырады деп есептеледі.

c Кейбір есімдер өзгертілген.

d jw.org сайтынан “2021 жылдың Еске алу кеші” деп аталатын мақалаларды да қараңыз (ор.).

e СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: 1960 жылдан бері Еске алу кешіне шақыру қағазының дизайны жақсартылып келеді. Қазір баспа және электронды түрінде бар.

f СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Азаматтық толқуға қарамастан, Еске алу кешін өткізіп жатқан бауырластар (болған оқиғаны көрсету).