Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдайдың қамқорында болыңыз

Құдайдың қамқорында болыңыз

Құдай денемізді өз-өзін сауықтыра алатындай етіп тамаша жаратқан. Бір жерімізді кесіп не жарақаттап алсақ, ағзамыз бірден қанды тоқтатуға, жараны жазып, теріні қалпына келтіруге кіріседі.

ОЙЛАНЫП КӨРІҢІЗ. Денемізді өздігінен сауығатындай етіп жаратқан Құдай жан жарамызды да сауықтыра алады емес пе?! Киелі кітапта Құдайдың “жүрегі жаралы жандарды сауықтыратыны, жараларын байлап таңатыны” айтылған (Зәбүр 147:3). Егер басыңызға түскен қандай да бір жағдайдан күйзеліп жүрген болсаңыз, Ехобаның қазір де, болашақта да жан жараңызды сауықтыруға қауқарлы екеніне қалай сенімді бола аласыз?

КИЕЛІ КІТАПТАН БІЛЕРІМІЗ

Құдай: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін”,— деп уәде етеді (Ишая 41:10). Ехобаның қамымызды ойлайтынын білгеніміз жанымызға тыныштық сыйлап, қиын уақытта күш береді. Құдай Сөзінде елші Пауыл бұл жантыныштығын “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы” деп атаған. Тағы ол: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— деген (Філіпіліктерге 4:4—7, 9, 13).

Киелі кітап мынаған кәміл сендіреді: Ехоба болашаққа қатысты уәделерін міндетті түрде орындайды. Мысалы, Аян 21:4, 5-те Құдайдың не істейтінін және неге оған сенім артуға болатыны айтылған.

  • Құдай адамдардың “көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды”. Ехоба барлық қайғы-қасіретті тоқтатып, уайымымызды, тіпті олар өзгелерге болмашы болып көрінсе де, сейілтеді.

  • Көктегі салтанатты “тағында отырған” Құдіретті Патша өзінің күші мен билігін қолданып, қасірет атаулыны жоқ қылады және бізге қажетінше көмек көрсетеді.

  • Ехоба өз уәдесінің “сенуге тұрарлық әрі шынайы” екеніне кепілдік береді. Ол өзінің есімі мен абыройы үшін уәделерін міндетті түрде жүзеге асырады.

“Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды”. Тақта отырған: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— деді. Артынан: “Жазып қой, өйткені бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы”,— деп қосты” (Аян 21:4, 5).

Жаратылыстар да, Киелі кітап та көктегі Құдайдың тамаша қасиеттерін паш етеді. Жаратылыстар Құдайды танып-білуге үнсіз шақырса, Киелі кітап бізді: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деп ашық түрде шақырады (Жақып 4:8). Сондай-ақ онда Құдайдың “әрқайсысымыздан алыс емес” екені айтылған (Елшілердің істері 17:27).

Құдайды танып-білуге уақыт бөлер болсаңыз, оның “қамыңызды ойлайтынына” көзіңіз жете түседі (Петірдің 1-хаты 5:7). Құдайдың қамыңызды ойлайтынын білгеніңіздің сіз үшін қандай пайдасы бар?

Жапонияда тұратын Тору деген кісінің жағдайын көрейік. Оны мәсіхшілік дінді ұстанатын анасы тәрбиелеп өсірген. Бірақ ол сонда да якудза деген қылмыстық топқа қосылып кеткен. Ол былай дейді: “Құдайдың мені жек көретініне сенімді едім. Айналамда жүрген адамдар, әсіресе жақындарым қайтыс болғанда, Құдай мені жазалап жатыр деп ойлайтынмын”. Тору өзінің жаман ортада жүріп, тасжүрек, мейірімсіз адамға айналғанын айтады. Ол тағы былай дейді: “Жастай өлсем де, атақты біреуді өлтіріп, өз атымды шығарып барып өлсем ғой дейтінмін”.

Бірде Тору әйелі Ханнамен бірге Киелі кітапты оқып зерттей бастады. Содан Торудың өмірі мен көзқарасы қатты өзгерді. “Күйеуім көз алдымда басқа адам болып шыға келді”,— дейді Ханна. Қазір Тору сенімділікпен былай дейді: “Әр адамның қамын ойлайтын Құдай шынымен де бар. Ол ешкімнің өлгенін қаламайды, күнәлары үшін шын жүректен өкінген адамды ол кешіруге дайын. Ешкімге айта алмайтын, ешкім түсіне алмайтын нәрселерді оған айтсақ, ол тыңдайды. Жақын болашақта Ехоба барлық проблемалар мен қайғы-қасіретті жоқ қылады. Қазірдің өзінде ол бізге күтпеген жолдармен көмектеседі. Ол “масқара күйде жүрген” кезімізде жақсы көретінін көрсетіп, көмек қолын созады” (Зәбүр 136:23).

Торудың жағдайынан көргеніміздей, Құдайдың жақында бар жамандықты жойып, әрбір көз жасты сүртетінін білгеніміз бізге болашаққа деген үміт сыйлайды, сондай-ақ қазірдің өзінде мағыналы өмір сүруге көмектеседі. Қайғы-қасірет жайлаған осы дүниеде сіз Құдайдың қамқорлығында бола аласыз.