Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Мен әйел затын және өзімді құрметтейтін болдым

Мен әйел затын және өзімді құрметтейтін болдым
  • ТУЫЛҒАН ЖЫЛЫ: 1960

  • ТУҒАН ЖЕРІ: ФРАНЦИЯ

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: НАШАҚОР БОЛҒАН, ӘЙЕЛДЕРДІ АДАМ ҚҰРЛЫ КӨРМЕГЕН

ӨМІРБАЯНЫМ.

Мен Францияның солтүстік-шығысында орналасқан Мюлуз деген қаланың шеткі ауданында дүниеге келдім. Біздің аудан қара жұмысшылар тұратын әрі зорлық-зомбылығымен аты шыққан жер еді. Балалық шағымды есіме алсам, бірден көршілердің үйлерінен шығып жатқан айқай-шу құлағыма келеді. Біздің үйде де әйелдер адам құрлы саналмайтын. Менде бала кезімнен әйелдің орны тек қазан-ошақтың басында және ол күйеуі мен балаларына қарауы керек деген көзқарас қалыптасты.

Балалық шағымда мен не көрмедім десеңізші. Он жасымда әкем ішімдіктің кесірінен қайтыс болды. Ал бес жылдан кейін ағаларымның бірі өз-өзіне қол жұмсады. Сол жылы отбасымызда қатты ұрыс-керіс болып, көз алдымда адам өлтірілді. Бұл жағдай мені қатты есеңгіретіп тастады. Үйдегілер саған керек болады деп пышақ пен тапаншаны қалай қолдануды үйретті. Содан мен әбден бүліндім, денеме суреттер салдырдым, маскүнемдікке салындым.

Он алты жасқа келгенімде, күніне 10-15 бөтелке сыраны судай сіміретінмін, содан көп ұзамай есірткі де қабылдай бастадым. Шығындарымды жабу үшін металл жинап өткізетінмін, әрі ұрлық жасайтынмын. Ал он жеті жасымда түрмеден бір-ақ шықтым. Сонымен не керек, ұрлық пен қиянат жасады деген айыппен 18 рет сотталдым.

Жиырма жасымда-ақ зұлымдыққа белшемнен баттым. Мен бір күнде марихуананың 20 орамын шегетінмін, сондай-ақ героин мен басқа да есірткінің түрлерін қабылдайтынмын. Есірткіні асыра қолданғанымнан бірнеше рет өліп кете жаздадым. Есірткі сатумен айналыса бастағандықтан, өзіммен пышақ пен тапанша алып жүретінмін. Бірде мен бір кісіні атып жібердім, бірақ оқ белдігінің теміріне тиіп, ол аман қалды. Жиырма төртке келгенімде, анам қайтыс болды. Бұл жағдайдан кейін мен одан бетер ашынып, сұм бұзақы болып кеттім. Жолда кездескен адамдар менен қашып, тіпті жолдың арғы бетіне өтіп кететін. Төбелестің кесірінен демалыс күндерді полиция мекемелерінде өткізетінмін немесе ауруханаларда жарақаттанған жерлерімді тіктіріп жататынмын.

Жиырма сегіз жасымда үйлендім. Әйелімді адам құрлы көрмегенім айтпасам да түсінікті шығар. Мен оны қорлайтынмын және соққының астына алатынмын. Біз жұп құрлы емес едік. Мен оны ұрланған қымбат әшекейлерге көмсем болды деп ойлайтынмын. Кейін әйелім Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастады. Ол бірінші күннен-ақ темекі шегуді тастады, әрі ұрланған ақшаны алмайтын болды. Қымбат әшекейлердің бәрін қайтарып берді. Сол кезде мені ашу кернеді. Мен оның Киелі кітапты зерттеуіне қарсы болдым. Темекінің түтінін бетіне үрлеп, оны қорладым. Көрші-қолаңның алдында да оны масқара еттім.

Бір күні түнде араққа сылқия тойып келіп, үйге өрт қойдым. Әйелім мені және бес жасар қызымызды өрттен алып шықты. Ес жинағанымда, істеген ісіме қатты өкініп, өзімді кінәлі сезіндім. Құдай мені ешқашан кешірмейді деп ойладым. Ойыма бір дін қызметкерінің зұлымдар тозаққа барады деген сөздері түсті. Тіпті мен барып жүрген психиатр да: “Сенен түк шықпайды! Сенің күнәңді өтеу мүмкін емес!”— деді.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ.

Үйіміз өртеніп кеткен соң, қайын жұртыма көшіп бардық. Куәгерлер әйеліме келгенде, мен олардан: “Құдай менің барлық күнәларымды кешіре ала ма?”— деп сұрадым. Сонда олар маған Киелі жазбалардан Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11 тармақтарды көрсетті. Ол жерде Құдайға ұнамсыз істердің тізімі келтіріліп, соңында “кезінде кейбіреулерің сондай болдыңдар” делінген. Бұл сөздер менің өзгере алатыныма сенімділік берді. Сосын олар Жоханның 1-хаты 4:8-ді көрсетіп, Құдайдың мені сүйетініне сендірді. Содан маған қанат бітіп, олардан менімен Киелі кітапты аптасына екі рет зерттеулерін өтіндім. Сондай-ақ Ехоба Құдайға жиі дұға ететін болдым, әрі қауым кездесулеріне де бара бастадым.

Мен бір айдың ішінде есірткі мен ішімдікті қоюды шештім. Содан ағзамда құдды бір соғыс басталып кеткендей болды! Түнде қорқынышты түстер көріп, басым тесіп ауырып, денем құрысып, аурудан өзімді қоярға жер таппайтынмын. Сол кездері Ехоба менің қолымнан ұстап, маған күш беріп жатқанын сезіндім. Мен елші Пауылдың күйін кешкендей болдым. Құдайдан күш алған ол: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— деп жазған (Філіпіліктерге 4:13). Уақыт өте келе темекі тартуды да қойдым (Қорынттықтарға 2-хат 7:1).

Киелі кітаптан алған білімім өмірімді жақсы жаққа өзгертумен қатар отбасымды да берекелі етті. Әйеліме деген көзқарасым өзгерді. Мен оны құрметтейтін болдым, әрі оған “өтінемін”, “рақмет” деп айтуды үйрендім. Сондай-ақ қызым үшін жақсы әке бола бастадым. Киелі кітапты бір жыл зерттеген соң, әйелім сияқты мен де өмірімді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттім.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ.

Киелі кітап менің өмірімді сақтап қалды десем артық айтпаспын. Тіпті Ехоба куәгері емес туыстарым да мұны мойындайды. Олардың айтуынша, Киелі кітап болмағанда, мен төбелестің не жаман әдеттерімнің кесірінен баяғыда-ақ өліп кетуім мүмкін еді.

Киелі жазбалардағы қағидалардың арқасында күйеу және әке ретіндегі міндеттерімді жақсы түсіндім. Содан отбасымыз бейне бір жаңа отбасына айналғандай болды (Ефестіктерге 5:25; 6:4). Біз көп нәрсені бірге істейтін болдық. Мен әйелімді бұрынғыдай қазан-ошақтың басына байлап қоймаймын. Қайта толық уақытты жариялаушы болып жүрген оған барынша қолдау көрсетіп келемін. Ал ол маған қауымдағы ақсақал ретіндегі міндеттерімді орындауға қолғабыс етіп жүр.

Кезінде жұрт мені адам болмайды деп ойлаған еді. Алайда Ехоба Құдайдың сүйіспеншілігі мен мейірімділігі өмірімді өзгертті. Бұрынғы мен сияқты өмір кешетін адамдарға Ехобаның қасиеттері жайлы айтқым келеді. Киелі жазбалардың таза да мәнді өмір сүргісі келетін кез келген адамға күш бере алатынына сенімдімін. Киелі кітап маған өзгелерді құрметтеуге ғана емес, өз-өзімді құрметтеуге де көмектесті.