Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Уа, Құдай, мен не жаздым?!”

“Уа, Құдай, мен не жаздым?!”

“НЕГЕ МЕН? Құдайым, неге бұған жол бердің?” Бұл Бразилияда тұратын 24 жасар Сидней есімді жігітті мазалаған сұрақтар еді. Бассейнге түсуге арналған сырғанақ төбешіктен құлап, жазатайым оқиғаға тап болған ол мүгедектер арбасына таңылған болатын.

Жазатайым оқиғадан, ауру-сырқаттан, жақындары қаза болғаннан немесе табиғи апат пен соғыстан қайғы жұтқан адамдар “Уа, Құдай, мен не жаздым?!” деп налуы мүмкін. Осындай сезімдер сізге де таныс болса, сіз жалғыз емессіз. Кезінде Әйүп деген пайғамбардың да басына қайғылы жағдайлар бірінен соң бірі түскен. Сонда ол білместіктен Құдайға налып, былай деген: “Өзіңнен жалбарына көмек сұрап ем, жауап бермедің, алдыңда түрегеліп тұрып ем, жай қарап тұра бердің. Өшпенділікпен қарсы шықтың, бар пәрменіңмен қолыңды маған қарай сілтедің” (Әйүп 30:20, 21).

Әйүп пайғамбар қиыншылықтарды кімнің және неге жіберіп жатқанын білмеген еді. Қуанышымызға орай, біз қайғылы жағдайлардың болу себебін және оларды қалай қабылдауымыз керектігін Киелі кітаптан біле аламыз.

ҚҰДАЙ АДАМДАРДЫ ҚИНАЛСЫН ДЕП ЖАРАТҚАН БА?

Киелі кітапта Құдай жайлы былай делінген: “Істері оның кемелді, жолдарының бәрі әділетті. Құдай адал, еш әділетсіздік жасамайды, ол әділ әрі шыншыл” (Мұсаның 5-жазбасы 32:4). Егер Жаратушымыз осындай “әділ әрі шыншыл” болса, ол адамдарды қинау үшін не оларды жазалау үшін жаратты деген ой ақылға сыймайды ғой?!

Киелі кітапта, керісінше, мынадай шындық жазылған: “Басына сынақ түскен адам: “Мені Құдай сынап жатыр”,— демесін. Өйткені ешкім Құдайды жамандықпен сынай алмайды, оның өзі де ешкімді жамандықпен сынамайды” (Жақып 1:13). Шындығында Киелі кітаптан білетініміздей, Құдай әуел баста адамзатқа керемет бастама берген. Ол алғашқы адам жұбына, Адам ата мен Хауа анаға, тұратын әдемі жер, қанағат әкелетін жұмыс, жалпы алғанда, өмір сүруге қажеттінің бәрін берген. Құдай оларға: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер”,— деп бұйырған (Мұсаның 1-жазбасы 1:28).

Алайда қазір дүниедегі жағдайды керемет деп айта алмайсың. Расын айтқанда, адамзаттың күйі бүгінде өте мүшкіл. Киелі кітапта айтылғандай, “күні бүгінге дейін бүкіл жаратылыс ыңырсып, қатты қиналып жатыр” (Римдіктерге 8:22). Неге бұлай болды?

ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТ НЕЛІКТЕН БОЛАДЫ?

Қайғы-қасіреттің неліктен орын алатынын түсіну үшін, біз оның неден басталғанын білуіміз қажет. Адам ата мен Хауа ана бүлікші періште Ібілістің азғыруына беріліп, Құдайдың дұрыс пен бұрысқа қатысты талаптарынан бас тартты. Қалайша? Олар “жақсылық пен жамандықты” танытатын ағаштың жемісін жемеңдер деген бұйрықтан аттап кетті. Хауа анаға Құдайды тыңдамасаң, өлмейсің деуімен Шайтан Құдайға өтірікші деген кінә тақты. Сондай-ақ ол Құдай өзінің жаратылыстарын дұрыс пен бұрысты шешу құқығынан айырды деген айып тақты (Мұсаның 1-жазбасы 2:17; 3:1—6). Былайша айтқанда, Шайтан адамзаттың Құдайсыз-ақ жақсы өмір сүретініне меңзеді. Мұның бәрі “Құдай дұрыс билік ете ме?” деген маңызы зор дау тудырды.

Кейіннен Шайтан тағы бір дау көтерді. Ол адамдарды Құдайға пайда көздегендіктен ғана қызмет етеді деп айыптады. Ол әділ кісі болған Әйүп туралы Құдайға былай деген: “Оның өзін де, үй іші мен бүкіл меншігін де жан-жақтан қорғап жүрген өзің емессің бе?! Бірақ қолыңды созып, онда бардың бәрін алып қойшы, ол көз алдыңда саған лағынет айтпас па екен?!” (Әйүп 1:10, 11). Шайтан мұнда Әйүп туралы айтып тұрғанымен, негізінде, ол барлық адамдар Құдайға қара басын ойлағандықтан қызмет етеді деп жала жапқан.

ҚҰДАЙ ДАУДЫ ҚАЛАЙ ШЕШТІ?

Туындаған бұл даудың түйінін қалай біржолаға тарқатуға болады? Даналардың данасы болып табылатын Құдай мұны ең керемет әрі әділ жолмен шешпек еді (Римдіктерге 11:33). Ол адамдарға белгілі бір уақыт бойы өз-өздерін басқаруға жол берді. Осының нәтижесінде кімнің билігі дұрыс екені аян болар еді.

Қайғы мен қасіретке малтыққан дүниедегі жағдай адам билігінің дәрменсіз екенін айқын көрсетіп отыр. Әлем үкіметтері тыныштық, қауіпсіздік пен бақыт әкелмек түгілі жердің құрдымға кетуіне себепкер болуда. Бұл Киелі кітаптағы: “Адам тіпті өз қадамына бағыт бере алмайды”,— деген шындықты растап отыр (Еремия 10:23). Тек Құдайдың билігі ғана адамзатқа тұрақты бейбітшілік, баянды бақыт пен таусылмас шаттық әкеле алады. Өйткені Құдай әуел баста адамзат баласына осыларды ниет еткен болатын (Ишая 45:18).

Олай болса, Құдай бұл ниетін қалай жүзеге асырады? Иса пайғамбар ізбасарларына былай деп Құдайға дұға айтуды үйреткен: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” (Матай 6:10). Иә, уақыты келгенде Құдай өзінің көктегі Патшалығы арқылы барлық қайғы-қасіреттің түбіне балта шабады (Даниял 2:44). Кедейлік, ауру және өлім өткеннің ісі болып қалады. Кедейліктің болмайтынына қатысты Киелі кітапта: “[Құдай] көмек сұраған жарлы-жақыбайларды... құтқарады”,— деп айтылған (Зәбүр 72:12—14). Ал ауру-сырқау атаулының құрдымға кететіні жөнінде Киелі кітапта келесідей уәде жазылған: “Ешкім: — Мен науқаспын,— демейтін болады” (Ишая 33:24). Тіпті Құдайдың жадында сақталған өмірден өткендер туралы Иса пайғамбар: “Олар қабірден шығады”,— деп айтқан (Жохан 5:28, 29). Неткен жүрекке жылу беретін уәделер десеңізші!

Құдайдың уәделеріне сенім дамытқаныңыз оған деген өкпе-реніштен арылуға көмектеседі

ЖАҒЫМСЫЗ СЕЗІМДЕРДІ ЖЕҢУ

Жазатайым оқиғаға ұшырағанынан 17 жыл өткен соң, мақаланың басында сөздері келтірілген Сидней былай дейді: “Мен ешқашан да оқыс жағдайдың орын алғанына Ехоба Құдайды кінәлаған емеспін, бірақ алғашында оған өкпелегендей болдым. Кейде жарымжан болып қалғанымды ойласам, қатты жабырқап жылаймын. Алайда мен Киелі кітаптан сол оқыс жағдайдың Құдайдың маған жіберген жазасы емес екенін білдім. Онда жазылғандай, “барлығы қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайдың” кесірінен болады. Ехоба Құдайға дұға еткенім және кейбір жазба орындарын оқығанымның арқасында рухани күш жинап, еңсем көтеріліп қалады” (Уағыздаушы 9:11; Зәбүр 145:18; Қорынттықтарға 2-хат 4:8, 9, 16).

Құдайдың неге қайғы-қасіретке жол беріп отырғанының себептері мен олардың болашақта болмайтынын білгеніңіз Құдайға деген өкпе-реніш сияқты жағымсыз сезімдерден арылуға көмектеседі. Құдай “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне” сендіреді. Иә, оған сенетін әрбір адамның ешқашан көңілі қалмайды (Еврейлерге 11:6; Римдіктерге 10:11).