Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫ

“Құдай Патшалығы жай қиял емес”

Эфрайн де-ла-Крус

“Құдай Патшалығы жай қиял емес”
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1918

  • ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1949

  • ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Жеті рет түрмеге қамалып, аяусыз соққыға жығылғанына қарамастан, Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздау шешімінен таймаған.

1948 жылдан бастап әйелім Пауламен және қызыммен Ехоба куәгерлерінің Бланко-Арриба қаласында өтетін кездесулеріне барып жүрдім. 40 шақырым жол жүру керек болса да, біз бірде-бір рет кездесуді қалдырған емеспіз. 1949 жылы 3 қаңтарда Паула екеуміз шомылдыру рәсімінен өттік.

Жарты жылдан соң мен қауымдағы бірнеше бауырласпен бірге тұтқынға алынып, 3 айға түрмеге жабылдым. Біз тақыр еденде ұйықтап, күніне бір рет қана тамақтанатынбыз. Тамаққа жасыл банан мен шай ғана берілетін. Уағыздауды тоқтатар деген оймен билік иелері бостандыққа шығарарда бізге қоқан-лоқы көрсетті. Алайда үйді-үйімізге тарағаннан кейін жасырын түрде жиналыстар өткізіп, уағыздауды жалғастыра бердік. Мемлекеттік агенттер үнемі бақылап жүргендіктен, біз жеке үйлерде, кофе плантациялары мен фермаларда бас қосатынбыз. Бір жерде қайта-қайта жиналмас үшін, әр кездесудің аяғында келесі жолы қай жерде жиналатынымызды айтатынбыз. Уағызға жұмыс киімімізбен шығып, бір-бірден қызмет ететінбіз, әдебиет пен Киелі кітапты мүлдем қолданбайтынбыз. Сонда да мен 1949—1959 жылдары жеті рет қамауға алынып, түрлі түрмеде үш айдан алты айға дейін отырып шықтым.

Мені қудалап жүргендердің арасында туыстарым да болғандықтан, маған аса сақ болу қажет еді. Таулар мен фермаларда түнеп жасырынып жүрсем де, кейде ұсталып қалатынмын. Бірде мен Сьюдад-Трухильодағы Ла-Виктория түрмесіне жабылдым. Онда әр камерада 50—60 адамнан отыратын. Күніне екі рет тамақ берілетін: таңертең жүгеріден жасалған тамақ, түсте аз ғана күріш пен үрме бұршақ. Түрмедегі Куәгерлердің бәрі де қасындағыларға уағыздайтын. Біз үзбей кездесулер өткізіп, есімізде бар тармақтарды айтатынбыз, әрі қызметте болған оқиғалармен бөлісетінбіз.

Соңғы рет түрмеге жабылғанымда бір сарбаз мылтықтың сабымен басымнан және қабырғамнан ұрды. Сол соққының және басқа да көрген азаптарымның зардабын әлі күнге дейін тартудамын. Алайда бұдан менің сенімім мен төзімім және Ехобаға қызмет етуге деген ықыласым артпаса, азайған жоқ.

Қазір 96 жасқа келдім. Қауымда қызмет көмекшісі міндетін атқарамын. Бұрынғыдай көп жүре алмағандықтан, үйдің алдында отырып, өткен-кеткендерге уағыздаймын. Құдай Патшалығы мен үшін жай қиял емес. Бұл шынымен бар Патшалық, әрі сол жайында уағыздап жүргеніме, міне, 60 жылдан асты. Патшалық туралы хабарды алғаш естігенімде, жаңа дүниенің орнайтынына қалай сенген болсам, бүгінде де дәл солай сенемін! *

^ 3-абзац Эфрайн де-ла-Крус осы өмірбаян жазылып жатқан уақытта қайтыс болды.