Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БЕСІНШІ ТАРАУ

“Тамаша адам”

“Тамаша адам”

1, 2. а) Рут қандай жұмыс істеді? ә) Рут Құдайдың Заңы мен халқы туралы не білді?

РУТ күні бойы жинаған арпасын баулап жатты. Бұл кеш түсіп келе жатқан мезгіл еді. Жұмысшылардың көбісі жақын маңдағы қырда орналасқан кішкентай қала Бетлехемге қарай бет алды. Рут таң сәріден бас көтермей жұмыс істеп, қатты шаршап тұрса да, дәндерін бөліп алу үшін масақты таяқпен соққылап жатты. Жұмысы ауыр болса да, Руттың бойын бір керемет сезім биледі, өйткені бұл күн ол күткеннен әлдеқайда жақсы өтті.

2 Жастай жесір қалған бұл әйелдің жағдайы енді түзеле бастағанға ұқсайды ғой! Алдыңғы тараудан көргеніміздей, Рут енесі Нағиманы тастамайтынын әрі оның Құдайы Ехобаны өз Құдайы ететінін уәде еткен еді. Сосын бұл екі әйел Моаб елін тастап, Бетлехемге келді. Ол жерде Рут көп ұзамай Ехобаның Исраилдегі кедей-кепшіктер мен жатжерліктерді қорғау үшін арнайы заң бергенін білді. Ал бүгін оның осы заңды ұстанатын халықтың өте мейірімді әрі Құдай жолымен жүретін адамдар екеніне көзі жетті. Құдай халқының мұндай әрекеті оның жаралы жүрегіне таптырмас шипа болды.

3, 4. а) Бағоз Рутты не деп жігерлендірді? ә) Күн көру оңай емес мына заманда Руттың мысалынан не нәрсеге үйренеміз?

3 Рутқа мейірімі түскен адамдардың бірі егде тартқан Бағоз деген дәулетті кісі еді. Рут егістікте масақ теріп жүргенде, Бағоз оған қамқорлық көрсетіп, қызындай қарады. Ол Рутты енесінің жағдайын ойлап жүргені үшін және Ехоба Құдайдың қанатының астынан пана іздегені үшін мақтаған болатын. Ойына осы мақтау сөздер оралғанда, Рут іштей жымиып қойды (Рут 2:11—14 оқыңыз).

4 Күйеуі де, баласы да жоқ бұл жатжерлік әйел өзін және егде тартқан енесі Нағиманы алдағы уақытта қалай асырамақ? Жинап жүрген масағы жеткілікті болар ма екен? Ал қартайған кезінде өзінің қамын кім ойламақ? Рутты осындай ойлар мазаласа керек. Күн көру оңай емес мына заманда да адамдардың көбісін осындай уайым меңдейді. Рут берік сенімінің арқасында басына төнген қиын уақытта жігерін жасытпады. Ал енді осы тамаша адамды қалай үлгі ете алатынымызды қарастырайық.

Нағыз отбасы қандай болу керек?

5, 6. а) Бағоздың егіндігінде жұмыс істеген Руттың алғашқы күнгі еңбегі қаншалықты жемісті болды? ә) Нағима Рутты қалай қарсы алды?

5 Рут бастырылған астықты өлшегенде, шамамен бір ефа (14 кг) арпа шықты. Ол оны матаға түйіп, басына қойды да, Бетлехемге қарай жол тартты. Бұл кезде күн ұясына батып қалған еді (Рут 2:17).

6 Келіні үйге кіріп келгенде, Нағима қатты қуанып кетті. Ол Руттың арпа буылған ауыр жүгін байқап, таңғалса керек. Бұған қоса, Рут азын-аулақ тамақ та ала келіпті. Бұл Бағоздың жұмысшыларға үлестіріп берген тамағынан қалған азық еді. Осылай енесі мен келіні кешкі астарын ішіп алды. Нағима Рутқа: “Бүгін қай жерде масақ теріп, қайда жұмыс істедің? Саған мейірін түсірген адам жарылқансын!”— деді (Рут 2:19). Нағима өте қырағы әйел болатын. Ол Руттың әкелген арпасына қарап, келініне біреудің мейірі түскенін бірден түсінді.

7, 8. а) Нағима Бағоздың жасаған жақсылығын не деп білді және неге? ә) Қалайша Рут енесіне айнымас сүйіспеншілік танытты?

7 Рут пен Нағима әңгімелесіп отырғанда, Рут Бағоздың танытқан мейірімділігі жайлы айта бастады. Нағима бұған риза болып: “Тіріге де, өліге де мейірімін аямаған Ехоба сол кісіге батасын төксін”,— деді (Рут 2:20). Ол Бағоздың жасаған жақсылығын Ехобаның қамқорлығы деп білді. Өйткені Ехоба өзінің қызметшілерін жомарт болуға шақырады, әрі жақсылық жасаған адамды сыйсыз қалдырмауды уәде етеді * (Нақыл сөздер 19:17 оқыңыз).

8 Рут енесіне Бағоздың өз егістігінен масақ теруге рұқсат еткенін айтып берді. Сонда Нағима: “Қызым, сол адамның қызметші қыздарымен жүретінің жақсы болды, әйтпесе басқа танапта біреулер сенің мазаңды алып жүрер”,— деді. Рут әрі қарай да Бағоздың қызметші қыздарының қасында масақ теріп жүрді. Киелі кітапта: “Осылай ол енесінің қолында тұрып жатты”,— делінген (Рут 2:22, 23). Киелі кітаптағы осы сөздер Руттың бойындағы керемет бір қасиетті аян етеді. Бұл — айнымас сүйіспеншілік. Руттың үлгісі отбасымызды бағалауға, бізге қымбат жандардың әрдайым қамын ойлауға және мұқтаж кездерінде жандарынан табылуға талпындырады. Мұндай айнымас сүйіспеншілік ешқашан Ехобаның қырағы көзінен таса қалмайды.

Рут пен Нағиманың мысалы отбасымызды бағалауға талпындырады

9. Рут пен Нағимадан отбасы туралы не білеміз?

9 Рут пен Нағима нағыз отбасы болды дей аламыз ба? Кейбіреулер нағыз отбасы болу үшін міндетті түрде күйеуі, әйелі, ұл-қызы және ата-әжесі болу керек деп түсінетін шығар. Алайда Рут пен Нағиманың мысалы толық емес отбасында да Ехобаның қызметшілері мейірімділік пен сүйіспеншілік танытып, үйлерін жылы ұяға айналдыра алатынына көзімізді жеткізеді. Сіз де отбасыңызды осылай бағалайсыз ба? Ал бірде-бір жақыны жоқ адамдар жайлы не деуге болады? Иса айтып кеткендей, олар да қауымнан туған-туыстар тауып, өзара жылы қарым-қатынастан жігер ала алады (Мар. 10:29, 30).

Рут пен Нағима бір-біріне сүйеніш болды

“Туысқандық міндетті алатындардың бірі”

10. Нағима Рутқа қалай көмектеспек болды?

10 Рут сәуір айында арпа жинайтын уақыттан бастап маусым айында бидай жинау аяқталғанға дейін Бағоздың егістігінде масақ теріп жүрді. Уақыт болса зымырап жатты. Ал Нағима жанына жақын жалғыз келіні үшін не істей алатынын ойлаумен болды. Олар әлі Моабта болған кездерінде Нағима Рутқа қайтадан отбасылы болуға көмектесе алмайтынына сенімді еді (Рут 1:11—13). Ал енді оның бұл ойы өзгерді. Ол Рутқа келіп: “Қызым, жағдайың жақсы болу үшін саған жайлы баспана тауып берсем қайтеді?”— деді (Рут 3:1). Сол кездегі дәстүр бойынша, ата-аналар ұл-қыздарына жар іздейтін. Ал Рут болса Нағимаға туған қызындай болып кеткен еді. Ол Рутқа “баспана”, яғни оған қорғаныш болатын күйеу мен үй, тауып бергісі келді. Сонда Нағима не істемек?

11, 12. а) Нағима Бағозды “туысқандық міндетті алатындардың бірі” деуімен не айтқысы келді? ә) Рут енесінің айтқандарын қалай қабылдады?

11 Рут алғаш рет Бағоз жайлы айтқанда, Нағима: “Ол біздің жақынымыз әрі туысқандық міндетті алатындардың бірі болып табылады”,— деген еді (Рут 2:20). Мұнымен ол не айтқысы келді? Құдайдың берген Заңында жоқшылықтан жапа шеккен не отағасынан айырылған отбасыларына қамқорлық көрсетілу үшін арнайы шара қарастырылған болатын. Қандай да бір әйел бала сүймей жесір қалса, күйеуінің артынан тұяқ қалмағаны үшін ол қатты қасірет шегетін. Алайда Құдай Заңына сай, марқұмның бауыры сол жесірге үйленіп, екеуінен туылған бала марқұмның ұрпағы болып есептелетін, әрі оның атын жалғастырып, мал-мүлкіне иелік ететін * (Мұс. 5-ж. 25:5—7).

12 Нағима әмеңгерлік неке жайында айтқанда, көздері тостағандай болып таңғалған Рутты елестетіп көріңізші. Исраилдіктердің Заңы мен дәстүрлері Рут үшін әлі де жат еді. Әйтсе де ол енесін мұқият тыңдап, әрбір сөзіне ден қойып отырды. Нағиманың айтқандары ерсі, тіпті қадірін түсіретіндей көрінсе де, Рут оған құлақ асып: “Айтқаныңыздың бәрін істейін”,— деп жауап берді (Рут 3:5).

13. Үлкендердің ақылына құлақ асуға қатысты Рут қандай үлгі қалдырды? (Әйүп 12:12-ні де қараңыз.)

13 Кейде жастар тәжірибесі мол ересек адамдардың кеңестеріне құлақ асқысы келмей жатады. Олар жасы үлкендер біздің жағдайымызды толық түсінбейді деп ойлауы мүмкін. Алайда Руттың үлгісінен көрінетіндей, бізді жақсы көретін және бізге бар жақсыны тілейтін үлкендердің ақылына құлақ ассақ, мұның көп пайдасын көреміз (Зәбүр 71:17, 18 оқыңыз). Сонымен Нағима Рутқа қандай кеңес берді және Рут бұған құлақ асқаны үшін қалай жарылқанды?

Руттың қырманға баруы

14. Қырман мен ондағы жұмысты сипаттап беріңіз.

14 Нағимамен сөйлескен күні кешке Рут қырманға қарай жол тартты. Топырағы әбден тапталған бұл тегіс алаңға егіншілер бауларын әкеліп, астық бастырып, дән суыратын. Қырман әдетте қыр беткейінде не қыр басында болады, себебі мұндай жерлерде түс ауа жел тұрады. Қырманшылар желдің өтінде тұрып, айырмен астықты көтере тастап желге ұшырады. Сонда дәндері жерге түседі, ал шөп-шаламы мен қауыздары желмен ұшып кетеді.

15, 16. а) Бағоз қырмандағы жұмысын аяқтаған соң не болды? ә) Аяқ жағында Руттың жатқанын Бағоз қалай білді?

15 Рут қырмандағы жұмыс аяқталғанша сабырмен күтті. Бағоз жұмысшылардың дәнді суырып, бір төбе етіп үйіп жатқанын бақылап тұрды. Ол кешкі асын тойып ішіп алған соң, бір төбе астықтың етегіне барып жата кетті. Ертеде астықты ұрылар мен қарақшылардан қорғау үшін адамдар қырманда түнейтін. Бағоз ұйқыға кеткен соң, Рут іске кірісті.

16 Жүрегі аузына тығылған Рут Бағозға жақындап келді. Оның терең ұйқыда екеніне көзі жеткен соң, Нағима айтқандай, Бағоздың жамылғысының аяқ жағын ашып, сол жерге жатты. Не боларын күтіп жатқан Рутқа уақыт тоқтап қалғандай көрінген болар. Әйтеуір түннің бір уағында Бағоз суықтан денесі түршігіп оянып кетті. Ол жамылғысын жамылайын деп басын көтеріп қараса, “аяқ жағында бір әйел жатыр екен!” (Рут 3:8).

17. Руттың әрекетін сынға алған зерттеушілер қандай екі жайтты ескермейді?

17 Бағоз: “Сен кімсің?”— деп сұрағанда, Рут даусы қалтырап: “Сіздің күңіңіз Рутпын. Мені қанатыңыздың астына ала көріңіз, өйткені сіздің туысқандық міндетіңіз бар”,— деді (Рут 3:9). Кейбір зерттеушілер Руттың сөздері мен әрекеті азғындыққа нұсқаған деп жатады. Алайда олар мына екі жайтты ескермейді. Біріншіден, Рут сол кездегі дәстүрге сай әрекет еткен. Ал ежелдегі дәстүрлердің көбісін қазіргі заман адамдары түсіне бермеуі мүмкін. Оның үстіне, бүгіндегі құлдыраған құлықтылық нормалары бойынша Руттың ісін сынау нағыз қателік болар еді. Екіншіден, Бағоздың Рутқа айтқан сөздерінен оның таза әрі мақтауға тұрарлықтай әрекет еткенін ұғамыз.

Рут Бағозға таза ниетпен келді

18. Бағоз Руттың көңілін қалай орнықтырды және Рут қандай екі жағдайда айнымас сүйіспеншілік танытты?

18 Бағоздың жауабы Руттың көңілін орнықтырғанында дау жоқ. Ол: “Қызым, Ехоба сені жарылқасын! Осы көрсеткен айнымас сүйіспеншілігің бұрынғысынан да асып түсті, себебі өзіңе жар болатын адамды бай не кедей жас жігіттердің арасынан іздемедің”,— деді (Рут 3:10). Бағоз Руттың бұрында көрсеткен айнымас сүйіспеншілігі деп оның Нағимамен бірге Исраилге келгенін және оған қамқорлық көрсеткенін айтты. Ал осы әрекеті расында да бұрынғысынан асып түсті. Рут көпшілік жас әйелдер сияқты болашақ жарын, бай болсын, кедей болсын, жас жігіттердің арасынан іздемеді. Қайта, ол Нағиманың ғана емес, қайтыс болып кеткен күйеуінің де жағдайын ойлап, оның атын сақтап қалғысы келді. Руттың осындай жанқиярлығы Бағозды қатты сүйсіндірсе керек.

19, 20. а) Неге Бағоз Рутқа бірден үйленбеді? ә) Қалай Бағоз Руттың абыройы мен қамын ойлады?

19 Бағоз сөзін жалғап Рутқа: “Ал енді, қызым, еш қорықпа. Өтінішіңнің бәрін де орындаймын, сенің тамаша адам екенің бүкіл қала халқына белгілі”,— деді (Рут 3:11). Бағоз Руттың туысқандық міндетті алуды сұрағанына таңғалмаса керек, әрі ол Руттың болашақ жары бола алатынына риза болған. Дегенмен Бағоз мәселені өз қалауынша шешуден аулақ болып, Рутқа әмеңгер бола алатын өзінен де жақын біреудің бар екенін айтты. Ол алдымен сол кісіге жолығып, оған Рутқа үйленуді ұсынбақ болды. Осылай Бағоз өзінің әділ адам екенін көрсетті.

Рут өзгелерге мейіріммен әрі құрметпен қарағандықтан, жақсатқа ие болды

20 Бағоз Рутқа таң атқанша күте тұрып, сосын ешкімнің көзіне түспей кетіп қалғаны дұрыс екенін айтты. Себебі өзінің де, Руттың да абыройын ойлап, жұрттың екеуі туралы жаман ойда болғанын қаламады. Рут Бағозға құлақ асып, қайтадан аяқ жағына жатты. Бағоздың мейіріммен айтқан жауабынан кейін оның уайымы сәл де болса сейілді. Рут таң сәріде тұрды. Бағоз оның орамалына біраз арпа түйіп берді. Сосын Рут Бетлехемге қарай жүріп кетті (Рут 3:13—15 оқыңыз).

21. Рут ненің арқасында тамаша адам атанды және біз оған қалай еліктей аламыз?

21 Рут жолда кетіп бара жатқанда, ойына Бағоздың: “Сенің тамаша адам екенің бүкіл қала халқына белгілі”,— деген сөздері оралды. Бұл сөздер оны бір марқайтып тастаған болар. Руттың мұндай мақтауға ие болғаны Ехобаны танып-біліп, оған қызмет еткісі келгенінің арқасында екенінде дау жоқ. Оның үстіне, Рут Нағимаға жанашырлықпен қарап, зор мейірімділік танытты. Сондай-ақ оның халқына қосылып, өзіне жат дәстүрлерді ұстанып өмір сүрді. Руттың сенімі бізді өзгелерге де, олардың дәстүрлеріне де құрметпен қарауға баулиды. Оған еліктер болсақ, біз де тамаша адам атанамыз.

Рут пана тапты

22, 23. а) Бағоздың Рутқа берген сыйының астарында не жатқан болуы мүмкін? (Сілтемені қараңыз.) ә) Нағима Рутқа қандай кеңес берді?

22 Рут үйіне келгенде, енесі: “Қалай болды, қызым?”— деп сұрады. Нағима оның күйеуге шығатын-шықпайтынын білуге асыққан еді. Рут енесіне Бағозбен болған жағдайды айтып берді. Сондай-ақ Бағоздың беріп жіберген мол арпасын да көрсетті * (Рут 3:16, 17).

23 Нағима Рутқа сол күні масақ теруге бармай, үйде отыруға кеңес берді. Ол: “Қызым, мұның соңы немен аяқталатынын білгенше, күте тұр. Бұл кісі осы істі бүгін тындырмайынша, тыным таппайды”,— деді (Рут 3:18).

24, 25. а) Бағоз өзімшіл емес, әділ кісі екенін қалай көрсетті? ә) Рут қандай баталарға ие болды?

24 Шынында да бәрі Нағима айтқандай болды. Бағоз ақсақалдар жиналып отыратын қала қақпасының қасына барып, Рутқа айтқан туысы келгенше күтті. Кейін куәгерлердің көзінше оған туысқандық міндетін орындап, Рутқа үйленуді ұсынды. Бірақ сол туысы өз мұрасына нұқсан келтіріп алудан қорқып, үйленуден бас тартты. Сонда Бағоз қала ақсақалдарының алдында туысқандық міндетті өз мойнына алып, Нағиманың қайтыс болған күйеуі Елимелектің бүкіл меншігін сатып алатынын және оның ұлы Махлонның жесірі Рутқа үйленетінін айтты. Өйткені ол “марқұмның есімі бауырлары мен қала жұртшылығының арасында өшпегенін” қалады (Рут 4:1—10). Бағоз расында да өзімшілдік қасиетінен ада, әділ кісі еді.

25 Бағоз Рутқа үйленгеннен кейін Ехобаның жарылқауымен Руттың бойына бала бітіп, ұл туды. Бетлехемдегі әйелдер Нағиманың немере сүйгеніне қуанып, Руттың Нағима үшін жеті ұлдан да артық екенін айтты. Киелі жазбалардан білетініміздей, Руттан туған ұл Дәуіт патшаның атасы болды (Рут 4:11—22). Ал Дәуіттің ұрпағынан Иса Мәсіх шықты (Мат. 1:1) *.

Рут Ехобаның батасына кенеліп, оның ұлынан тараған ұрпақтан Мәсіх туылды

26. Рут пен Нағиманың мысалы нені еске салады?

26 Нағима туылған нәрестені өз ұлындай көрді. Енесінің бала тәрбиесінде қолғабыс еткені Рут үшін нағыз бата болды. Осы екі әйелдің мысалы мына бір жайтты еске салады: Ехоба Құдай күн көру үшін ауыр еңбектеніп жүргендердің әрі таңдаулы халқымен адал қызмет етіп жүргендердің ешқайсысын есінен шығармайды. Ол Бағоз, Нағима мен Рут сияқты адал қызметшілеріне әрдайым батасын береді.

^ 7-абзац Нағима айтып өткендей, Ехоба мейірімін тірілерге ғана емес, өлілерге де төгеді. Нағима күйеуінен және екі ұлынан бірдей айырылса, Рут жарынан айырылды. Марқұм болған бұл үш кісі Нағима үшін де, Рут үшін де бағалы жандар еді. Сондықтан Нағимаға не Рутқа мейірімділік таныту осы үш кісіге де мейірімділік танытумен бірдей болатын. Өйткені бұл кісілер осы аяулы әйелдердің еш тауқыметсіз өмір сүргенін қалаған.

^ 11-абзац Жесір әйелдің әмеңгері марқұмның туған бауыры болуы керек болған. Ал бауыры жоқ болса, жесірге марқұмның ең жақын қандас туысы үйленетін (Мұс. 4-ж. 27:5—11).

^ 22-абзац Бағоз Рутқа алты өлшем (алты күрек болуы мүмкін) арпа берді. Осылай етуімен ол енді Руттың өмірі алты жұмыс күнінен кейінгі Демалыс күніндей болатынын білдірткісі келсе керек. Рут тұрмысқа шығып, баспаналы болған соң, жесір болып ауыр еңбек еткен уақыты аяқталып, “демалатын” еді. Бағоздың алты өлшем арпа беруінің тағы бір себебі — Руттың тек осы өлшемді көтере алғанында болуы мүмкін.

^ 25-абзац Исаның шыққан тегі баяндалған тармақтарда бес әйелдің есімі аталады. Солардың бірі — Рут. Тағы біреуі — Бағоздың анасы Рахаб (Мат. 1:3, 5, 6, 16). Рахаб та Рут сияқты жатжерлік еді.