Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОНЫНШЫ ТАРАУ

Ол шынайы ғибадат үшін күресті

Ол шынайы ғибадат үшін күресті

1, 2. а) Исраил халқы қандай қиындық көрді? ә) Ілияс Кармил тауында кімдермен бетпе-бет келді?

ІЛИЯС Кармил тауының беткейімен келе жатқан қарақұрым халыққа қарап тұр. Тіпті мұнартып атқан таңның ала көлеңкесінде де олардың аштық пен жоқшылықтан әбден қажығандары байқалады. Бұл үш жарым жылға созылған қуаңшылықтың қалдырған таңбасы еді.

2 Халықпен бірге жалған тәңір Бағалдың кекірейген 450 пайғамбары да келе жатты. Олар Ехобаның пайғамбары Ілиясты өлердей жек көреді. Бұған дейін Езабел патшайым Ехобаның бірталай пайғамбарын өлтірткен болатын, бірақ Ілияс Бағалға қарсы қайтпай күресіп келеді. Бағал пайғамбарлары Ілиясты көргенде: “Қашанғы жүрер екенсің? Жалғыз өзің бәрімізді жеңе алмассың”,— деп ойлаған шығар (Пат. 1-ж. 18:4, 19, 20). Осы кезде Ахаб патша да арбамен жұрт қаумалаған жерге келіп жетті. Ол да Ілиясты жақтырып тұрған жоқ.

3, 4. а) Неліктен Ілияс шешуші уақыт жақындаған сайын қорықса керек? ә) Біз қандай сұрақтарды талқылаймыз?

3 Бұл күн Ехобаның осы бір жалғыз пайғамбары үшін естен кетпес күн болмақ еді. Ілияс алда жақсылық пен зұлымдықтың арасында көз көріп, құлақ естімеген қақтығыс боларын сезіп тұр. Шешуші уақыт жақындаған сайын, Ілияс біраз қорықса керек, өйткені ол да “біздікіндей сезімі бар адам” болған (Жақып 5:17 оқыңыз). Опасыз халықтың және олардың жолдан тайған патшасы мен жауыз абыздарының арасында Ілияс өзін жападан жалғыз қалғандай сезінгені айтпаса да түсінікті (Пат. 1-ж. 18:22).

4 Исраил халқы осындай бейшара күйге қалай жетті? Бұл оқиғаның бүгінде бізге қандай қатысы бар? Осы тараудан Ілиястың берік сенімі мен бізге қандай үлгі қалдырғаны жайлы оқып көрейік.

Ұзаққа созылған күрестің шарықтау шегі

5, 6. а) Исраилде қандай күрес жүрді? ә) Ахаб Ехобаны қандай істерімен қорлады?

5 Ілияс өмірінің басым бөлігінде Исраил халқының ең бағалы мұрасы — шынайы ғибадаттың қалай аяққа тапталып жатқанын шарасыз бақылаумен болды. Исраилде жалған ғибадат пен шынайы ғибадаттың арасында ұзақ уақыт бойы күрес жүрді. Халықтың басым бөлігі шынайы ғибадатты елеусіз қалдырып, Ехоба Құдайға емес, айналадағы халықтардың пұттарына табынып кетті. Ал Ілиястың күндерінде пұтқа табынушылық өршіген үстіне өрши түсті.

6 Сол заманда билік еткен Ахаб патша Сидон патшасының қызы Езабелге үйленген еді. Езабел болса Исраил еліне Бағалға табынушылықты ендіріп, шынайы ғибадатты түптамырымен құртып жіберуге тырысты. Ахаб болса оның ырқына тез-ақ көнді. Ол Бағалға арнап ғибадатхана мен құрбандық орнын тұрғызуымен қоймай, жалған тәңірге құлшылық етуде алғы шепте жүрді. Осындай істерімен Ахаб Ехобаны қатты қорлады (Пат. 1-ж. 16:30—33).

7. а) Бағалға табынушылық қаншалықты жеркенішті әрі қатыгез болған? ә) Ілиястың күндеріндегі қуаңшылықтың ұзақтығына қатысты Киелі кітапта қарама-қайшылық жоқ екенін қайдан білеміз? ( Қоршауды қараңыз.)

7 Бағалға табынушылық жеркенішті әрі жантүршігерлік рәсімдермен байланысты болған. Бұл дінге бас ұрған исраилдіктер бейбастақтыққа салынып, шынайы Құдайдан алыстап кеткен еді. Бағал ғибадатханасында еркектер де, әйелдер де жезөкшелікпен айналысатын және ол жерде тұрпайы жын-ойнақтар орын алып, тіпті балалар құрбандыққа шалынатын. Бұл расында да жеркенішті әрі қатыгездікке толы дін еді. Сондықтан Ехоба Ілиясты Ахаб патшаға жіберіп, өзі тоқтататын уақытқа дейін бүкіл елде қуаңшылық болатынын жеткізді (Пат. 1-ж. 17:1). Арада бірнеше жыл өткен соң, Ілияс қайтадан Ахабпен кездесіп, оған Бағалдың пайғамбарлары мен бүкіл халықты Кармил тауына жинауды айтты *.

Бағалға табынушылықтың басты жора-жоралғылары, қандай да бір мағынада, бүгінге дейін сақталған

8. Бағалға табынушылық туралы оқиғаның біз үшін қандай мәні бар?

8 Бағалға табынушылық туралы Киелі кітаптағы бұл үзіндінің біз үшін қандай мәні бар? Әлдекім: “Қазір Бағалға арналған ғибадатханалар да, құрбандық орындары да жоқ қой, сондықтан бұл оқиғаның бізге қатысы қанша?”— деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл оқиға жай ғана тарихи дерек ретінде жазылмаған (Рим. 15:4). “Бағал” деген сөз “ие, қожайын” дегенді білдіреді. Исраил халқы өздерінің иесі не қожайыны етіп Ехобаны таңдаулары керек еді (Ишая 54:5). Бүгінгі күні де адамдар Құдіреті шексіз Құдайға емес, әртүрлі қожайындарға қызмет етіп жүр. Олар Ехобаға ғибадат етудің орнына өмірлерін ақша табуға, мансап қууға, азғындықпен айналысуға немесе басқа да сансыз тәңірлерге табынуға жұмсап, қожайындарының кім екенін көрсетуде (Мат. 6:24; Римдіктерге 6:16 оқыңыз). Сондықтан Бағалға табынушылықтың басты жора-жоралғылары, қандай да бір мағынада, әлі де белең алып отыр дей аламыз. Ехоба мен Бағалдың арасында болған айқас жайындағы бұл оқиғаның біз үшін мәні зор. Оған мұқият ден қойып ой жүгіртер болсақ, кімге қызмет етуіміз керектігіне қатысты дұрыс шешім қабылдай аламыз.

“Қашанғы екіойлы болып жүре бермексіңдер?”

9. а) Неліктен Кармил тауы Бағалға табынушылықты әшкерелейтін бірден-бір жер еді? (Сілтемені де қараңыз.) ә) Ілияс халыққа не деді?

9 Кармил тауының маңында Қишон сайы, одан әрі Ұлы теңіз (Жерорта теңізі), ал солтүстікке қарай Ливан таулары жатты *. Бірақ бұл өлкенің қазіргі көрінісі өте аянышты еді. Ехоба бір кездері Ыбырайымның ұрпақтарына мұраға берген осы шұрайлы дала енді бір тамшы жаңбырға зәру болып, ыстық күнге аяусыз қақталып жатты. Бұған Құдай халқының өзі кінәлі еді. Жиналған халыққа Ілияс: “Қашанғы екіойлы болып жүре бермексіңдер? Егер Ехоба шынайы Құдай болса, соның жағына шығыңдар. Ал Бағалды шынайы Құдай десеңдер, онда соның жағына шығыңдар”,— деді (Пат. 1-ж. 18:21).

10. Халық қай мағынада “екіойлы болып жүрді” және олар қандай негізгі шындықты ұмытты?

10 “Қашанғы екіойлы болып жүре бермексіңдер?” деуімен Ілияс не айтқысы келді? Халық кімге ғибадат ететіндерін — Ехобаға ма, әлде Бағалға ма — шешу керектігін ұқпайтын. Олар екеуіне бірдей табына беруге болады деп ойлайтын. Исраил халқы жеркенішті жора-жоралғылар жасап, Бағалға жағуға тырысатын, сөйте тұра Ехобадан да шапағатын түсіруін сұрайтын. Олар Бағалдың жарылқауымен егіндіктеріміз мол өнім береді, малымыз көбейеді, ал “Әскербасы Ехоба” бізді соғыстарда қорғайды деп пайымдаса керек (Сам. 1-ж. 17:45). Алайда олар бүгінгі күні де көп адам ұға бермейтін негізгі шындықты ұмытты: Ехоба — тек өзіне ғибадат етуді, өзіне ғана шын берілуді талап ететін Құдай, әрі ол бұған лайық. Ол аралас ғибадатты қабыл алмайды, тіпті мұны өзін қорлау деп қарастырады! (Мұсаның 2-жазбасы 20:5 оқыңыз).

11. Ілиястың Кармилде айтқан сөздері құндылықтарымыз бен ғибадатымызға қатысты қандай ой салады?

11 Исраилдіктер бір уақытта екі жолмен жүруге тырысқан кісіге ұқсайтын. Бүгінде де көп адам осындай қателік жасайды. Олар өмірлеріне “бағалдардың” еніп, Құдайға ғибадат етуді ығыстырып тастауына жол береді. Ілиястың екіойлы болып жүруге қатысты айтқан жүрекжарды үндеуі өмірдегі құндылықтарымыздың қандай екенін және кімге ғибадат етіп жүргенімізді тағы бір рет тексеруге талпындырады.

Шешуші кезең

12, 13. а) Ілияс Бағалдың абыздарына не істеуді ұсынды? ә) Ілиястікіндей сенімге ие екенімізді қалай көрсете аламыз?

12 Ілияс сөзін аяқтаған соң, Бағалдың абыздарына өте қарапайым бір нәрсені істеуді ұсынды: олар құрбандық шалатын орын жасап, үстіне құрбандықтарын қойып, құдайларына от тұтатуын сұрап дұға ету керек-тін. Ілияс та осылай етпек еді. Сосын ол: “Қайсысы көктен от жіберіп жауап берсе, шынайы Құдай — сол”,— деді. Әрине, Ілияс қайсысы шынайы Құдай екенін жақсы білді. Оның сенімінің нық болғаны сонша — ол Бағалдың пайғамбарларына көп жеңілдік жасады. Ілияс оларға бірінші болып бастауға жол берді. Олар құрбандыққа тайынша таңдады да, Бағалға жалбарына бастады * (Пат. 1-ж. 18:24, 25).

13 Қазіргі уақытта Ехоба Ілиястың күндеріндегідей кереметтер жасамайды. Бірақ ол еш өзгерген жоқ. Біз де Ехобаға тап Ілияс іспетті сенім арта аламыз. Мысалы, кейбіреулер Киелі кітап ілімдерімен келіспей жатса, оларға өз ойларын бірінші болып айтуға жол беруден қорықпаймыз. Ілияс сияқты, біз де жағдайды шынайы Құдайдың қолына тапсырамыз, яғни өзімізге сеніп кетпей, түзету үшін жазылған Құдай Сөзіне жүгінеміз (Тім. 2-х. 3:16).

Ілияс Бағалға табынудың ақымақтық екенін білді, әрі бұған халықтың да көзі жеткенін қалады

14. Ілияс Бағалдың пайғамбарларын қалай мазақ етті және неге?

14 Бағал пайғамбарлары құрбандықтарын дайындап, құдайларын шақыруға кірісті. Олар: “Уа, Бағал, жауап бере көр!”— деп айқайлаумен болды. Олар сағаттап осылай жалбарынды. “Бірақ ешқандай дауыс та, жауап та болмады”. Түске қарай Ілияс әлгі пайғамбарсымақтарды мысқылдап, мазақтай бастады. Ол: “Бар дауыстарыңмен айқайлаңдар! Не дегенмен ол құдай ғой! Бәлкім, қолы тимей жатқан шығар не түзге отыруға кеткен болар. Я болмаса ұйықтап жатса керек, оны ояту қажет шығар!”— деп кекете сөйледі. Ілияс Бағалға табынудың ақымақтық екенін білетін, әрі бұған халықтың да көзі жеткенін қалады (Пат. 1-ж. 18:26, 27).

15. Бағал пайғамбарларымен болған оқиға Ехобадан басқа қожайын таңдаудың ақымақтық екенін қалай дәлелдейді?

15 Бағал абыздары өршелене түсіп, “бар дауыстарымен айғайлап, дәстүрлері бойынша, денелерін қан жоса етіп қанжармен тілгілеп, найзамен жарақаттады”. Бірақ бұларынан да түк шықпады! “Ешқандай дауыс болмады, ешкім жауап та қатпады, көңіл де бөлмеді” (Пат. 1-ж. 18:28, 29). Шын мәнінде Бағал деген құдай мүлдем жоқ болатын. Оны адамдарды Ехобадан алыстату үшін Шайтан ойлап тапқан еді. Осыдан көретініміздей, Ехобадан басқа қожайынды таңдағандар түбінде көңілдері қалып, тіпті масқара болады (Зәбүр 25:3; 115:4—8 оқыңыз).

Шынайы Құдай жауап берді

16. а) Ілияс қалпына келтірген құрбандық орны Исраил халқының есіне нені салды? ә) Ілияс Ехобаға толық сенетінін қалай көрсетті?

16 Күн ұясына еңкейе бергенде, Ілиястың да кезегі келді. Ол кезінде таза ғибадаттың қарсыластары бұзып тастаған құрбандық орнын қайта тұрғызбақ болды. Ол үшін Ілияс 12 тасты қалады. Осылайша ол 12 руға берілген Мұса Заңының әлі де өз күшінде екенін алдында тұрған он рулы Исраил халқының есіне салса керек. Сосын Ілияс тастардың үстіне құрбандықты қойды да, үстіне су құйдырды, бұл суды ол Жерорта теңізінен әкелдірген болса керек. Ол тіпті құрбандық шалатын орынды айналдыра арық қаздырып, оны да суға толтыртты. Ілияс Бағалдың пайғамбарларына барынша жеңілдік жасаған болса, Ехобаға келгенде, керісінше істеді. Бұл оның өз Құдайына жүз пайыз сенімді екенін көрсетті! (Пат. 1-ж. 18:30—35).

Ілияс халықтың қамын ойлады және олардың Ехобаға қайта бет бұрғандарын қалады

17. Ілияс үшін не маңызды екені дұғасынан қалай байқалды және біз оған қалай еліктей аламыз?

17 Бәрін дайындап болған соң, Ілияс Ехобаға дұға етті. Оның қарапайым да мәнді дұғасынан ол үшін ненің маңызды екені байқалды. Ең алдымен, Ілияс “Исраилдің Құдайы” Бағал емес, Ехоба екенін паш еткісі келді. Екіншіден, өзі жай ғана Ехобаның қызметшісі екенін, ал күллі атақ пен даңқ Құдайға ғана тиесілі екенін білдіргісі келді. Ал үшіншіден, ол исраилдіктердің Ехобаға қайта бет бұрғандарын қалады. Осылайша Ілияс әлі де халықтың қамын ойлайтынын көрсетті (Пат. 1-ж. 18:36, 37). Халықтың опасыздығынан талай жапа шексе де, Ілияс оларды бәрібір жақсы көрді. Ал біздің дұғаларымыздан Құдайдың есімі жайлы ойлайтынымыз, кішіпейіл екеніміз және көмекке мұқтаж адамдарға жанашырлықпен қарайтынымыз байқала ма?

18, 19. а) Ехоба Ілиястың дұғасына қалай жауап берді? ә) Ілияс халықты не істеуге шақырды және неліктен Бағалдың абыздары мейірім танытуға лайық емес еді?

18 Ілияс дұға етіп жатқанда, жиналған жұртқа Ехобаның да Бағалдан еш айырмашылығы жоқ деген ойлар келген шығар. Алайда дұғадан кейін бұл ойлары толық өзгерді. Жазбаларда былай делінген: “Сонда Ехобадан от түсіп, құрбандық пен отынды, тастар мен топырақты жалмап, арықтағы суды да құрғатып жіберді” (Пат. 1-ж. 18:38). Бұл бір таңғажайып көрініс болды! Сонда халық не істеді?

Ілиястың дұғасынан кейін “Ехобадан от түсті”

19 Олар бірі қалмай: “Ехоба — шынайы Құдай! Ехоба — шынайы Құдай!”— деп дауыстады (Пат. 1-ж. 18:39). Әйтеуір халықтың көзі ашылды-ау! Алайда олар шынайы сенім танытты дей алмаймыз. Өйткені олар дұғадан кейін көктен от түскенін көргенде ғана Ехобаның шынайы Құдай екенін мойындады. Сондықтан Ілияс оларды сенімдері бар екенін дәлелдеуге шақырды. Ол халықтан бұдан көп жыл бұрын істеулері керек нәрсені — Құдай Заңына бағынуды — өтінді. Құдай Заңы бойынша, жалған пайғамбарлар мен пұтқа табынушылар өлімге кесілуге тиіс еді (Мұс. 5-ж. 13:5—9). Бағалдың абыздары Ехоба Құдайдың қас жаулары болатын, әрі оның еркіне әдейі қарсы шығатын. Оларға мейірім танытуға болар ма еді? Ал өздері бейкүнә балаларды Бағалға арнап тірідей өртегенде, мейірім танытты ма? (Нақыл сөздер 21:13 оқыңыз; Ерм. 19:5). Бұл абыздар иненің ұшындай да мейірімге лайық емес-тін! Сондықтан Ілияс оларды ұстап алуды бұйырып, барлығын өлімге кесті (Пат. 1-ж. 18:40).

20. Неліктен Ілиястың Бағал абыздарын жазалағанына қатысты айтылған сын еш негізсіз?

20 Қазіргі сыншылардың кейбірі Бағал абыздарының өлімге кесілгеніне қатысты теріс ойда болуы мүмкін. Кейбіреулер енді діни фанаттар осы жағдайды негіз етіп, өздері төзбейтін діннің өкілдеріне қатыгездік көрсететін болды деп қорқуы мүмкін. Рас, бүгінде қатыгез діни фанаттар көптеп кездеседі. Алайда Ілияс мұндай фанат болмаған. Ол Ехобаның атынан әрекет етіп, әділ жаза қолданды. Бұған қоса, бүгінде шынайы мәсіхшілер зұлымдарды жазалаймыз деп семсерге жүгінбейді. Қайта, олар Иса Мәсіхтің Петірге айтқан сөздерін ұстанады. Ол: “Семсеріңді қынабына сал! Қолына семсер алғандардың бәрі семсерден өледі”,— деген (Мат. 26:52). Болашақта әділдікті тек Ехоба ғана орнатады, әрі бұл үшін ол адамдарды емес, өз Ұлын қолданады.

21. Ілиястың үлгісінен мәсіхшілер неге үйрене алады?

21 Шынайы мәсіхшілер сеніммен өмір сүрулері керек (Жох. 3:16). Бұл үшін олар Ілияс сияқты адал кісілерге еліктей алады. Ілияс Ехобаға ғана ғибадат еткен әрі өзгелерді де солай етуге талпындырған. Шайтан адамдарды Ехобадан алыстату үшін қолданған діннің алдамшы екенін ол батыл әшкерелеген. Сондай-ақ ол өз қабілеті мен ақылына сеніп кетпей, тек Ехобаға сенім артқан. Ілияс шынайы ғибадат үшін талмай күрескен. Ендеше бәріміз де оның сенімін үлгі етейік!

^ 9-абзац Кармил көгі мол, майсалы алқап еді. Өйткені теңізден көтерілген ылғалды жел оның сай-салаларын кезіп, жиі жауын жаудырып, шық түсіріп тұратын. Бағал жауын-шашын тәңірі деп есептелгендіктен, бұл жер Бағалға табынушылықтың орталығы болса керек. Сондықтан қуаңшылықтан құрғап жатқан Кармил тауы Бағал тәңірінің жалған екендігін дәлелдейтін ең оңтайлы жер болды.

^ 12-абзац Ескере кететін бір жайт, Ілияс Бағал абыздарына: “Бірақ от тұтатпаңдар”,— деген. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, пұтқа табынушылар керемет түрде от пайда болғандай етіп көрсету үшін, кейде құрбандық шалатын орынның астына жасырын қуыс жасап қоятын болған.