Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қорытынды

Қорытынды

“Сенімі мен шыдамдылығының арқасында уәделерді мұра еткендерге еліктейтін боласыңдар” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 6:12).

1, 2. Неге сенімді кейінге қалдырмай дамыту қажет? Мысал келтіріңіз.

СЕНІМ. Бұл — асыл қасиет. Алайда сенімге қатысты мынандай екі маңызды жайт бар. Біріншіден, бізде сенім болмаса, оған шұғыл түрде ие болу керек. Екіншіден, сенімге ие болсақ, оны кейінге қалдырмай қорғап, нығайтып отыру қажет. Неліктен?

2 Ұшы-қиыры көрінбейтін шөл далада бір тамшы суға зәру болып келе жатқаныңызды елестетіп көріңізші. Содан әзер дегенде су таптыңыз делік. Суды ыдысқа құйып алған соң, буланып кетпес үшін оны күннен қорғайсыз. Сосын діттеген жеріңізге жету үшін су қорын толтырып отырасыз. Сол сияқты бүгінде біз өмір сүріп жатқан дүниені шөл далаға, ал шынайы сенімді сол шөл даладағы таптырмайтын суға теңеуге болады. Сондықтан шынайы сенімді қорғауымыз және толтырып, яғни нығайтып отыруымыз қажет. Әйтпесе, шөл даладағы су сияқты ол буға айналып кетуі мүмкін, яғни одан айырылып қалуымыз мүмкін. Сол үшін бұл істерді кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені сусыз өмір үзілетініндей, сенімсіз Ехобамен қарым-қатынасымыз да үзіледі (Рим. 1:17).

3. Сенім дамыту үшін Ехоба қандай көмек ұсынып отыр және қандай екі нәрсені есте ұстау керек?

3 Ехоба сенімнің бізге ауадай қажет екенін және бүгінгі таңда сенімді дамытып, берік етіп сақтау оңай емес екенін біледі. Міне, сондықтан да ол Киелі кітапта бізге үлгі болатын кісілердің мысалдарын жаздырған. Елші Пауыл киелі рухтың жетелеуімен бізді “сенімі мен шыдамдылығының арқасында уәделерді мұра еткендерге еліктеуге” шақырады (Евр. 6:12). Ехобаның ұйымы осы кітапта қарастырылған адал кісілер мен Құдайдың басқа да қызметшілеріне барынша еліктеуге талпындырады. Сонымен біз келесі екі нәрсені естен шығармауымыз керек: біріншіден, бізге сенімімізді нығайта беру қажет; екіншіден, үмітімізді көз алдымызда ұстауымыз керек.

4. Шайтанның сенімнің қас жауы екенін қайдан білеміз, бірақ неге бұған көңіліміз түспеу керек?

4 Сеніміңізді нығайта беріңіз. Біздің сеніміміздің қас жауы бар. Ол — Шайтан. Жержүзін уысында ұстап отырған ол осы дүниені сенімімізді күйрететіндей шөл далаға айналдырған. Шайтан бізден әлдеқайда күшті. Бірақ бұл сенімімізді дамытып, нығайта алмаймыз дегенді білдірмейді. Ехоба — шынайы сенімге ие болғысы келетіндердің жақын Досы. Оның көмегімен біз Ібіліске қарсы тұрып, тіпті ол бізден қашып кететіндей ете аламыз! Ехоба мұны барлық қызметшілеріне уәде еткен (Жақ. 4:7). Ібіліске қарсы тұру үшін әр күні сенімімізді нәрлендіріп отыруға уақыт бөлу қажет. Мұның қандай жолдары бар?

5. Құдайдың адал қызметшілері берік сенімге қалай қол жеткізген? Түсіндіріп беріңіз.

5 Осы кітапта баяндалған Құдайдың қызметшілерінің сенімдері өздігінен берік болып кеткен жоқ. Көргеніміздей, олар Ехобаның киелі рухының арқасында сенімдерін дамыта алған (Ғал. 5:22, 23). Олар дұға еткенде, Ехоба сенімдерін нығайтуға көмектесіп отырған. Сол адал кісілер сияқты біз де дұға етейік және Ехобаның сұрағандарға және өтініштеріне сай әрекет ететіндерге киелі рухын молынан беретінін ұмытпайық (Лұқа 11:13). Сенімді нығайту үшін тағы не істеуіміз керек?

6. Киелі кітап кейіпкерлері жайлы оқығандарымыздың толық пайдасын көру үшін не істеу керек?

6 Бұл кітапта сенімнің озық үлгісін қалдырған кісілердің барлығы жазылмаған. Олардың саны өте көп (Еврейлерге 11:32 оқыңыз). Сол мысалдардың әрқайсысын дұға ете отырып, бар зейінмен зерттесек, мол рухани қазына алып шығатынымыз сөзсіз. Ал егер үстіртін ғана оқитын болсақ, сенімімізді нығайта алмаймыз. Сондықтан мәнмәтінге үңіле отырып, оқиғаның қандай жағдайда орын алғанын зерттеуге жеткілікті уақыт бөлуіміз керек. Сонда сол мәліметтің толық пайдасын көреміз. Құдайдың адал қызметшілерінің “біздікіндей сезімі бар” болғанын жадымызда ұстасақ, оларды өзімізге жақын тұтамыз (Жақ. 5:17). Біздікіне ұқсас сынақтар мен қиындықтарға кезіккендері жайлы оқығанда, олардың не сезінгенін түсіне аламыз.

7—9. а) Ежелде өмір сүрген Құдайдың қызметшілері Ехобаға біз сияқты қызмет ете алса, не сезінер еді? ә) Неге сенімімізді іс-әрекетімізбен көрсетуіміз керек?

7 Біз сенімімізді қабылдаған шешімдерімізбен және іс-әрекетімізбен де нығайта аламыз. Өйткені Киелі кітапта “іс-әрекетсіз сенім өлі” делінген (Жақ. 2:26). Ехоба бүгінде бізге тапсырған істі сенімі берік сол әйелдер мен ерлерге тапсырса, олардың қуаныштан төбелері көкке жетпес пе еді!?

8 Мысалы, Ыбырайым Ехоба Құдайына шөл далада тастан жасалған құрбандық орнының алдында емес, тамаша Патшалық сарайында не үлкен конгрестерде ғибадат етсе және өзінің алыстан ғана көрген уәделерінің бүге-шігесіне дейін түсіндірілгенін естісе, не сезінер еді десеңізші! (Еврейлерге 11:13 оқыңыз). Ал Ілиясқа опасыз патшаның тұсында Бағалдың зұлым пайғамбарларын өлтіру емес, адамдарға жұбаныш пен үміт сыйлайтын хабарды жеткізу тапсырылғанда ше, ол бұған қуанбас па еді?! Шынында да, Құдайдың ежелгі қызметшілері Ехобаға біз сияқты ғибадат ете алғанда, бұған шексіз қуанышты болар еді!

9 Олай болса, сенімімізді іс-әрекетімізбен көрсетіп, нығайта берейік. Осылайша Құдайдың рухымен жазылған Сөзіндегі адал кісілерді үлгі ететінімізді көрсетеміз. Сонда кіріспеде айтылғандай, олармен дос боламыз. Сонымен қоса жақын болашақта олардың өздерімен жүздесіп, достығымызды нығайтамыз.

10. Бізді жұмақта не күтіп тұр?

10 Үмітіңізді көз алдыңызда ұстаңыз. Құдайдың берген үміті ежелдегі адал қызметшілер үшін әрдайым күш-қуаттың көзі болған. Ал сіз жайлы не деуге болады? Мысалы, әділдер тірілетін уақытта Құдайдың өмірге қайта оралған қызметшілерімен қауышатын бақытты кезді елестетіп көріңізші (Елшілердің істері 24:15 оқыңыз). Олардан не жайлы сұрар едіңіз?

11, 12. Жаңа дүниеде мына кісілерден не жайлы сұрар едіңіз: а) Әбілден? ә) Нұхтан? б) Ыбырайымнан? в) Руттан? г) Әбигелден? ғ) Естерден?

11 Бәлкім, Әбілден ата-анасының қандай болғаны жайлы білгіңіз келер. Немесе, одан “Едем бағын күзететін керубтермен сөйлескенсің бе? Олар саған жауап қатты ма?” деп сұрарсыз. Ал Нұхқа “Нефилимдерден қорыққан жоқсың ба? Кеменің ішінде болғанда жануарларды бір жыл бойы қалай қамқорладың?” дерсіз. Ыбырайымды кездестіргенде, оған мынадай сауал қоярсыз: “Шаммен кездескенсің бе? Ехоба жайлы кімнен білдің? Ур қаласын тастап кету оңай болды ма?”

12 Қайта тірілген адал әйелдерге де қояр сұрақтарыңыз көп шығар. Мысалы, “Рут, сені Ехобаның қызметшісі болуға не талпындырды?”, “Әбигел, Дәуітке көмектескенің жайлы Набалға айтуға қорықтың ба?”, “Естер, Киелі кітаптағы баяндалған оқиғадан кейін Мардохай екеуің не істедіңдер?”.

13. а) Өмірге қайта оралған Құдай қызметшілері сізден не жайлы сұрауы мүмкін? ә) Ежелде өмір сүрген Құдайдың адал қызметшілерімен қауышатын кез туралы не ойлайсыз?

13 Бұл кісілердің сізге де қояр сұрақтары көп болатын шығар. Оларға соңғы күндер жайлы және қиын уақыттарда Ехоба өз халқын қалай жарылқағаны жайлы ауыз толтырып айтып жатқаныңызды елестетіп көріңізші! Ехобаның барлық уәдесін орындағанын білгенде, олардың қатты толқып, шаттанатынында күмән жоқ. Жұмақ орнаған сол уақытта Киелі кітапта жазылып кеткен Құдайдың адал қызметшілерін елестетудің қажеті болмайды. Өйткені олар арамызда болады. Ал қазір сол Құдай қызметшілерін барынша жақын тани беріңіз. Олардың сенімдерін үлгі етіңіз. Біз сізді болашақта сол кісілермен жан дос болып, Ехобаға мәңгі бірге қызмет етуден қуаныш алуыңызға тілектеспіз!