Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Дүние-мүлкінен айырылса да, бауырластар Ехобаға қызмет етулерін доғармады

ГРУЗИЯ | 1998—2006

Қоқан-лоқы Ехобаға қызмет етулеріне кедергі бола алмады

Қоқан-лоқы Ехобаға қызмет етулеріне кедергі бола алмады

Бауырластар қоқан-лоқыдан қорықпай, бас қоса берді. Ақсақалдар жариялаушыларды қорғау үшін шаралар қолданды. Грузиядағы бауырластарымызды қорғаған канадалық заңгер Андре Карбонно былай деді: “Қауым өтетін жердің маңында ұялы телефон ұстаған бауырлас тұратын. Ол тобырдың келе жатқанын көрсе, бірден ақсақалдарға хабарлайтын”.

Қарсыластар Шамоян отбасының үйі (сол жақта) мен әдебиет қоймасын (оң жақта) өртеп жіберді

Бауырластарға жасалған әрбір шабуылдан кейін, оларды жігерлендіруге филиалдың екі өкілі баратын. Андре Карбонно таңғалғанын жасырмай: “Өкілдер келгенде, қауым өтетін жер жүздері бал-бұл жайнаған бауырластарға лық толы болатын”,— деді.

Сот ғимаратының ішінде де, сыртында да қарсыластар көп болды

Өздеріне шабуыл жасалмаған бауырластардың да, зерттеушілердің де сағы сынбады. Андре Карбонноның шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болғалы жүрген бір әйелмен әңгімелескені есінде қалыпты. Әлгі әйел былай деген екен: “Теледидардан шабуыл жасалғанын көргенде, шынайы мәсіхшілер мен жалған мәсіхшілердің айырмашылығын байқадым. Мен шынайы мәсіхші болғым келеді”.

Бауырластарын батыл қорғағандар

Сол жылдары жариялаушылар қиындықтарға қарамай, уағыз ісін тоқтатпады. Осылай сенім мен батылдықтың керемет үлгісін көрсетті. Соттарда оларды қорғаған бауырластар да сенімнен кенде емес еді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Куәгерлерді отбасын ойран ететін, медициналық емнен бас тартатын, үкіметке қарсы әрекеттер жасайтын адамдар ретінде көрсететін. Сондықтан оларды қорғайтын заңгерлер үшін жаманатты болу, жұмысынан айырылу қаупі бар еді.

АҚШ-тың Заң бөлімінен келген заңгерлер бауырластарын соттарда батыл қорғады

Канада филиалынан келіп, сол жылдары Грузиядағы бауырластарды қорғаған заңгер Джон Бернс былай деп есіне алды: “Заңгер болып істейтін бауырластар көмектесуден бас тартпады. Бұл олардың жұмыстарына кері әсер етуі мүмкін еді. Әйтсе де олар соттарға қатысып, Ехоба куәгерлері екенін көрсетуден қаймықпады”. Сол батыл Куәгерлер “ізгі хабарды қорғап, оны заңдастыруға” өз үлестерін қосты (Філіп. 1:7).

Грузин жұртшылығы қатыгездікке наразылық білдірді

Осының бәріне қарамастан, Куәгерлерге қатысты қатыгездік толастамады. Сондықтан 2001 жылдың 8 қаңтарында Куәгерлер бейбіт тұрғындарды бұзақы топтың шабуылдауы мен қудалауынан қорғауын сұрап ел президентіне өтініш жазды.

Бернс бауырлас бұл өтініштің мақсатын былай түсіндірді: “Біздің көздегеніміз — Ехоба куәгерлеріне қарсы жасалып жатқан қатыгездікті грузин жұртшылығының қолдамайтынын, әрі бұның барлығы бір шөкім діни экстремистердің әрекеті екенін көрсету болды”.

Осылай небәрі екі апта ішінде бүкіл Грузия бойынша 133 375 ересек адам, ал олардың басым бөлігі православ дінінің өкілдері, өтінішке қол қойды. Өтініш сол кездегі президент Шеварднадзеге ұсынылғанмен, қатыгездік әрекеттер тоқтамады. Діни экстремистер Куәгерлерге тарпа бас салуды жалғастыра берді.

Талай Грузия азаматы Куәгерлерге қарсы жасалған қатыгездікке наразы болып, президентке жазылған өтінішке қол қойды

Ал Ехоба өз халқына батасын төгіп жатты. Экстремистер Куәгерлерге қастандық жасаумен әлек болып жүргенде, Ехоба көптеген ақжүрек адамдарды жалған діннің құрсауынан босатып жатты.

Жалған діннің құрсауынан босағандар

Бабилина Харатишвили өмір бойы Грузин православ шіркеуінің адал мүшесі болып келген еді. Отыздан асқан шағында ол қалалар мен ауылдарды аралап, жұртқа әулиелердің өмір-салтын насихаттап жүрді.

Бірақ Бабилина Құдай жөнінде көбірек білгісі келетін. Сондықтан Грузин православ семинариясында дәріс алуды шешеді. Бір күні дәріс оқып тұрған священник “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабын көрсетеді де, Ехоба куәгерлерінен оның бір данасын алыңдар дейді. Ол: “Бұл кітаптан Киелі жазбалар туралы біраз білім аласыңдар”,— деп қосады.

Бабилина бұған қайран қалады. Ол Куәгерлерден іргесін аулақ салып жүретін, ал енді болса священник оған солардың кітабын оқы дейді! Бабилина: “Құдай туралы Ехоба куәгерлерінен білу керек болса, мен мұнда неғып отырмын?”— деп ойлайды. Содан ол Поти қаласындағы Ехоба куәгерлерімен хабарласады да, зерттеу сабағын бастайды.

Бабилина Киелі кітаптан біраз тәлім алып, өмірінде көп өзгерістер жасайды. Ол: “Икондарға табыну дұрыс емес екенін Киелі кітаптан өз көзіммен көргенде, пұтқа табынушылық атаулыдан аулақ жүретін болдым. Мен мұның дұрыс екеніне нық сендім”,— дейді. Осылай сексенге таяп қалған шағында ол Ехоба куәгері болуға бел буды.

Бабилина немересі Изабелаға шындықты айтқан

Өкінішке қарай, 2001 жылы Бабилина сырқаттанып қалып, көз жұмды. Ол шомылдыру рәсімінен өтіп үлгермеді. Есесіне немересі Изабела кейінірек шомылдыру рәсімінен өтіп, бүгінде Ехобаға адал қызмет етіп жүр.

Ол монах әйел болғысы келген еді

Элисо Джиджишвили монах әйел болуға бел буғанда, 28 жаста еді. Туған қаласы Ткибулиде монастырь жоқ болғандықтан, 2001 жылы ол Тблисиге көшеді. Монастырьден бос орын іздей жүріп, Элисо жарты күн жеке оқытушы болып жұмысқа тұрады. Оның оқушыларының бірі Нуну деген бауырластың қызы болып шығады.

Элисо былай деп әңгімеледі: “Біз жиі Киелі кітап жөнінде әңгімелесетінбіз. Мен православ дінін қорғаштап қоймайтынмын. Ал Нуну бір тармақтан соң екіншісін көрсетуден талмайтын. Бірде ол маған “Құдай бізден нені талап етеді?” кітапшасын оқуды ұсынды. Абзацтарды оқып, тармақтарды ашып қарағанымызда, икондарға табыну Құдайдың бұйрығын тікелей бұзу екенін түсіндім”.

Кейінірек, Элисо шіркеуге барып, священникке бірнеше сұрақ қояды. Оның жауабынан шіркеудің ілімдері Киелі кітапқа негізделмегені анық болады (Мар. 7:7, 8). Содан шындықты тапқанына көзі жеткен ол бірден Ехоба куәгерлерімен зерттеу сабағын бастайды. Сосын, көп ұзамай шомылдыру рәсімінен өтеді.

Монах қыз болғысы келген Элисо Джиджишвили (сол жақта) мен Нуну Копалиани (оң жақта)

Қарсылыққа қарамай, Патшалық сарайлары соғылды

2001 жылға таман өсіп жатқан қауымдарға ғибадат ететін лайықты орын қажет бола бастады. Бір есепке сай, жетпіс шақты Патшалық сарайы қажет еді. Сондықтан елдегі қарсылыққа қарамай, Патшалық сарайын соғу бағдарламасы іске қосылды (Езра 3:3).

Көп ұзамай құрылыс бригадасы Тбилисиде бірнеше қауым қолданған ғимараттың жобасын өзгертуге кірісті. Осылай Грузияның екі қаласында құрылыс басталып кетті: бірі Тбилисиде, екіншісі батыстағы Чиатурада.

Тбилисидегі Патшалық сарайының (сол жақта) орнына жаңасы (оң жақта) салынды

Чиатура қаласындағы құрылысқа қатысқан Тамази Хуцишвили былай деп әңгімеледі: “Құрылыс алаңында күнде 15 адам жұмыс істейтінбіз. Көп ұзамай соғылып жатқан ғимараттың Патшалық сарайы екені жұрттың бәріне мәлім болды. Кейде қарсыластардың Патшалық сарайын қиратып кетуді ойлап жүргенін еститінбіз”.

Осындай қарсылық көрсетіліп жатқанда құрылыс қалай бітпек еді? Тамази: “Біз жұмысты тоқтатпай, Патшалық сарайын үш ай ішінде бітірдік. Қарсыластарымыз қоқан-лоқы көрсеткенмен, ешқайсысы келмеді”,— деді *.

Көптен күткен өзгеріс

Қамауға алынған православ экстремистері мен басшылары Василий Мкалавишвили

2003 жылдың қазанында Самтредиа қаласында құрылыс басталды. Діни экстремистер бұл жолы да қоқан-лоқы көрсетті. Сөйтіп, Сарайдың қабырғалары енді ғана көтеріліп, сылақ әлі кеуіп үлгермей жатып, қарсыластар ғимаратты тас-талқан етіп қиратып кетті.

Алайда сол жылы қараша айында елде бауырластардың жағдайын жеңілдеткен өзгеріс болды. Үкімет басында болған осы өзгерістің арқасында Куәгерлерге діни төзімділік танытыла басталды. Содан Ехоба куәгерлеріне тарпа бас салған православ экстремистерінің бірнешеуі қамауға алынды.

Құдай халқына көл-көсір бата төгілді

Қуғын-сүргін біткеннен кейін көп ұзамай-ақ Грузиядағы Ехобаның халқы көл-көсір батаға кенелді. Солардың бірі — 2004 жылғы облыстық конгресте грузин тілінде “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасы” шыққаны хабарланды.

Ал 2006 жылы “Құтқарылу жақын!” атты облыстық конгресте естен кетпес тағы бір оқиға болды. Басқарушы кеңестің мүшесі Джеффри Джексон баяндама айтатыны мәлім болғанда, бауырластар қатты қуанды. Ал Джеффри бауырлас грузин тілінде “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” толық шыққанын хабарлағанда, бұл тосын сый болды.

2006 жылы жарық көрген грузин тіліндегі “Жаңа дүние аудармасы”

Риза болған бауырластар көз жасын жасыра алмады. Бір бауырлас былай деді: “Толық Киелі кітап алғанда қалай қуанғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... Расында да, бұл тарихи оқиға болды”. Грузиядағы Ехобаның халқының тарихында айтулы оқиға болған сол рухани тойға 17 000-нан астам адам келді.

^ 29-абзац 2001—2003 жылдар аралығында бүкіл елде жеті Патшалық сарайы салынды.