Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Такома қаласында өткен Киелі кітап зерттеушілерінің конгресі (Вашингтон, АҚШ)

Жүз жыл бұрын. 1917

Жүз жыл бұрын. 1917

1917 жылдың 1 қаңтарындағы “Күзет мұнарасы” журналында: “Үстіміздегі жыл үлкен тартыс, дүрбелең, қантөгіспен басталды”,— деп жазылды. Иә, ол кезде Еуропада Ұлы соғыс деген атаумен белгілі болған қантөгіс, яғни Бірінші дүниежүзілік соғыс, өршіп тұрған еді.

Киелі кітап зерттеушілері бейтараптық мәселесін толық түсінбесе де, біразы қантөгіске қатыспау үшін қолдан келгенін істеді. Өз ұстанымынан таймауға бел буған сондай бауырластардың бірі — Англияда тұрған 19 жасар Стенли Уиллис. Ұстанымы сот отырысында қаралғалы жатқанда, ол былай деп жазды: “Осылай куәлік ету мүмкіндігін мәртебе санаймын. Бүгін таңертең полковник маған Патша әскерінің киімін киюге тиіс екенімді, ал одан бас тартсам, әскери сотқа тапсырылатынымды айтты”.

Стенли ұстанымынан таймады, сондықтан түрмеге жабылып, ауыр жұмысқа салынды. Бірақ оның сағы сынбады. Екі айдан кейін Стенли: “Адам Шындық беретін “күш рухының” арқасында... басқалар үшін төзу өте қиын нәрселерге шыдаммен төзе алады”,— деп жазды. Түрмедегі уақыты зая кетіп жатпағаны жайлы ол: “Бұл қиындықтан келер ең зор пайда — тыныш жағдайда дұға етіп, ой жүгіртуге, зерттеуге мүмкіндік көп”,— деді.

Көп ұзамай Құрама Штаттар соғысқа ресми түрде араласты. 1917 жылдың 2 сәуірінде президент Вудро Вильсон Құрама Штаттардың Конгресіне арнаған жолдауында Германияға соғыс жариялады. Ал төрт күннен кейін Құрама Штаттар ұрысқа кірісті. Құрама Штаттардағы мәсіхшілер үшін көп ұзамай-ақ бейтараптық мәселесі көлденең тұрды.

Сарбаздар қатарын толтыру үшін мамыр айында Құрама Штаттарда міндетті әскери қызмет жөнінде заң күшіне енді. Ал бір айдан кейін Шпионаж туралы заң шықты. АҚШ үкіметі бірінші заңға сүйеніп, мыңдаған ер кісіні соғысқа шақырды, ал екінші заңға сүйеніп, бірінші заңның жүзеге асуына кедергі жасағандарды қылмыскер ретінде жауапқа тартатын болды. Шындық жолының жаулары қарап отырмай, Ехобаның бейбітсүйгіш қызметшілерін “Заңды пайдаланып пәлеге ұшыратуды” ойлай бастады (Зәб. 94:20).

Киелі кітап зерттеушілері дүние жүзінің соғысқа бас қойғанына таңғалмады. Олар Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардан мұндай жағдайдың орын алатынын баяғыдан-ақ білетін. Оларды таңғалдырған Ехобаның халқының арасындағы тартыс еді.

Сынақ пен елек

Чарлз Тейз Расселл қайтыс болғанда, Құрама Штаттарда аласапыран басталды. Мәселе Ехобаның халқында басшылықты кім қолға алатынына қатысты болды. Расселл бауырлас 1884 жылы “Сион күзет мұнарасы мен трактаттар қоғамын” құрып, 1916 жылы қазанда дүние салғанға дейін осы заңды корпорацияның президенті болған еді. Одан кейін Джозеф Рутерфорд бауырлас басшылықты қолға алғанда, директорлар кеңесінің төрт мүшесімен қоса, ұйымдағы бірнеше беделді бауырлас атаққұмарлыққа бой алдырып, бұған наразы болды.

Оларға Рутерфорд бауырластың басқару жолы ұнамады. Солардың бірі пилигрим, яки аралаушы бақылаушы, болып қызмет еткен Пол Джонсон еді.

Қайтыс болардан аз уақыт бұрын Расселл бауырлас Пол Джонсонның ұйымның аралаушы өкілі ретінде Англияға жіберілгенін қалаған болатын. Ол жерде Пол ізгі хабарды уағыздап, қауымдарға сапармен барып, есеп беріп тұруы тиіс еді. 1916 жылдың қараша айында Англияға келгенінде, бауырластар оны жылы қарсы алды. Өкінішке қарай, осындай сый-құрметті көтере алмай, Пол көкірек керіп, Расселл бауырластың орнын басуым керек деген ойға келді.

Ол еш құқығы болмаса да, өзіне қарсы шыққан Англиядағы Бетелдің кейбір мүшелерін шығарып жіберді. Мұнымен қоймай, Лондондағы ұйымның банк есепшотын өзі қадағалағысы келді. Сондықтан Рутерфорд бауырлас оны қайтадан Құрама Штаттарға шақыртып алды.

Пол Джонсон Бруклинге қайтты. Бірақ кішіпейілділікпен кеңесті қабыл алудың орнына, Рутерфорд бауырласты өзін қайтадан Англияға жіберуге көндірмек болып, бірнеше рет қолқа салды. Бұнысынан түк шықпаған соң, директорлар кеңесінің мүшелеріне ықпал етуге тырысты, олардың төртеуін өз жағына шығарды да.

Пол Джонсонның Англияда жасағанындай, бұл төртеуі де Құрама Штаттардағы ұйымның қаржысын жымқыруға әрекеттенуі мүмкін деген оймен Рутерфорд бауырлас оларды директорлар кеңесінің мүшелігінен шығару үшін шара қолданды. АҚШ-тың заңы бойынша, директорлар кеңесінің әрбір мүшесін корпорацияның мүшелері жыл сайын сайлауы тиіс еді. Бірақ корпорацияның 1917 жылы 6 қаңтарда өткен жыл сайынғы кездесуінде директорлар кеңесінің үш мүшесі ғана сайланды. Бұлар: Джозеф Рутерфорд, Эндрю Пирсон және Уильям ван Амбург. Олар президент, вице-президент, қазынашы-хатшы орындарына сайланды. Директорлар кеңесіндегі қалған төрт орынға болса сайлау өткізілмеді. Кейбіреулер бұрын осы орындарға сайланған әлгі төрт оппозиционер өмірлерінің соңына дейін сол міндеттерді атқарады деп түсінсе керек. Бірақ жылдық жиында қайта сайланбағандықтан, негізінде олардың директорлар кеңесінің мүшесі болуға заңды құқылары жоқ еді! Сондықтан 1917 жылдың шілде айында Рутерфорд құқылы билігіне сүйеніп, аталмыш орындарға төрт адал кісіні тағайындады.

Директорлар кеңесінің мүшелігінен аластатылған төрт кісі ашуға мініп, өз орындарын қайтару үшін кампания ұйымдастырды. Бірақ бұларынан түк шықпады. Киелі кітап зерттеушілерінің кейбірі соларды жақтап, басқа ұйымдар да құрды. Әйтсе де басым көпшілік адалдықтан таймады, сондықтан әлгі төртеуі директорлар кеңесіне қайтып қабылданбады.

Ауыр кезеңге қарамай, алға жылжу

Осындай аласапыран кезеңде Рутерфорд бауырлас пен Бетелдегі басқа да адал бауырластар Патшалықтың мүддесін талмай алға жылжытты. Мысалы, пилигрим деген атаумен белгілі болған аралаушы бақылаушылардың саны 69-дан 93-ке дейін көбейді. Ал кітап таратушы, яки ізашарлар, саны 372-ден 461-ге дейін өсті. Бұған қоса, алғаш рет арнайы кітап таратушылар тағайындалды. (Олардың қызметі бүгіндегі қосалқы ізашарлардікіне ұқсас болған.) Кей қауымдарда 100 шақты арнайы кітап таратушылар болды.

1917 жылдың 17 шілдесінде “Құпия жүзеге асты” кітабы жарық көрді. Жылдың соңына қарай кітаптың бәрі таусылғандықтан, баспа фирмасына тағы да 850 000 данасына тапсырыс берілді *.

1916 жылы Расселл бауырлас бастаған Бетелдегі қайта ұйымдастыру ісі 1917 жылы аяқталды. Сол жылдың желтоқсанында “Күзет мұнарасы” журналында былай деп түсіндірілді: “Бетелдегі қайта ұйымдастыру ісі аяқталып, жұмысы жақсы жолға қойылған кез келген ұйым іспетті, қазір... ісіміз жақсы атқарылып, мол жеміс беруде. Мұндағы бауырластар лайықты болғандықтан емес, осындай мәртебе берілгендіктен Бетелде қызмет етіп жатқандарын түсінеді”.

1917 жылдың қыркүйегінде “Күзет мұнарасы” журналында былай делінді: “1 қаңтардан бергі әр айды былтырғы 1916 жылдың тура сол айларымен салыстырғанда, [басылымдар санының] өскені байқалады... Біз үшін бұл — Бруклинде атқарылып жатқан жұмысқа Иеміздің батасын беріп отырғанының бұлтартпас дәлелі”.

Сынақ пен елек аяқталған жоқ

Ұйым оппозиционерлерден тазартылды. Осы орайда қауымдарда сауалнама жүргізіліп, қорытындысы “Күзет мұнарасында” жарияланды. Сауалнаманың нәтижесі басым көпшіліктің Рутерфорд пен Бетелдегі басқа да адал бауырластарды қолдайтынын көрсетті. Бірақ осы адал бауырластар үшін сынақ әлі аяқталған жоқ еді. 1918 жыл жақсы басталғанмен, арты ұйымымыздың заманауи тарихындағы ең ауыр кезеңге ұласты.

^ 18-абзац Біздің әдебиеттеріміз 1920 жылға дейін коммерциялық фирмаларда басылатын.